НҰР-СҰЛТАН, 30 қараша – Sputnik. Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмагұлов UFC-де екінші мәрте октагонға шығуға дайындалып жатыр. Оның Амир Альбазимен кездесуі 28 қарашадан 23 қаңтарға ауыстырылды.
Кездесу кейінге қалдырылса да, спортшылар әлеуметтік желіде "жекпе-жек" өткізіп үлгерді.
Амир Альбази Instagram-да қазақстандық қарсыласына: "Жалғас Жұмағұлов, мен саған бара жатырмын", - деп сес көрсетті.
Жұмағұлов та бірден жауап қайырды:
"Мен өзім-ақ келемін, қазақтың кім екенін, көшпенділердің рухын сезінесің", - деді ол қарсыласына.
Жекпе-жек 12 желтоқсан күні өтуі мүмкін деген болжам жасалған еді. Бірақ UFC бұл ақпаратты растаған жоқ.
Жекпе-жекке дайындық
Жалғас Жұмағұлов Амир Альбазимен кездесуге дайындалып, Америка визасының рәсімделуін күткен болатын. Ол дайын болды, алайда төлқұжатын дер кезінде қайтармаған. Лас-Вегасқа бара алмайтын болып, ұйымдастырушыларға хабарласты. Енді жекпе-жек Абу-Дабидегі UFC 257 турнирі аясында өтеді.
Биыл шілде айында Жалғас Жұмағұлов UFC-де алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол бразилиялық Раулиан Пайвадан жеңілді. Бұған дейін Жұмағұлов FNG-де төрт рет жеңіске жеткен болатын. Соңғы екі жекпе-жекте Тагир Уланбеков пен Али Багаутиновтен мықты болды.