Таулы Қарабақты минадан тазарту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Таулы Қарабақтағы жақында соғыс жүрген көлемі жүздеген шаршы километрге ұласатын аймақтарды жарылғыш заттардан сатылы түрде тазарту міндеті тұр
Sputnik

Бұл жұмыстар ауқымды ресурстарды және ондаған жылға созылатын еңбекті талап етеді.

Миналы алқап, жарылмаған оқ-дәрілер мен қолдан дайындалған жарылғыш құрылғылар қақтығыстан кейінгі аумақтағы басты проблема болып отыр. 23 қарашада Әзербайжан, РФ әскери қызметшілері және мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының ТЖМ қызметкерлері Мадагиз аймағында жарылғаны өлім қаупіне мысал бола алады. Қақтығыс аумағында мұндай қауіп бітімгерлер, саперлер мен құтқарушылардың алдынан күн сайын кесе көлденеңдеп шығады.

Таулы Қарабақ тұрғындары бейбіт өмірге қалай оралып жатыр - видео
Ереван қаласының аэродромына күні кеше Ресей Қорғаныс министрлігінің Халықаралық минаға қарсы орталығының 100-ден астам әскери қызметкері, 13 бірлік әскери және арнайы техника жеткізілді. Инженерлік бөлімшелер Ереван – Горис – Степанакерт бағдары бойынша марш жүргізіп жатыр. Саперлердің алғы шеп бөлімшелері 23 қараша күні Таулы Қарабақтағы жергілікті жерлерді, жолдар мен нысандарды минадан тазартуға кірісті.

Аумақтардың біреуінде-ақ ресейлік саперлер танкке қарсы 30-ға жуық минаны залалсыздандырды. Әдетте, табылған оқ-дәрілер арнайы қарастырылған полигонда немесе сол жерде жару әдісімен жойылады. Бұл аса қауіпті іске Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Халықаралық минаға қарсы орталығының мамандары Біріккен Ұлттар Ұйымының стандарттарына сәйкес дайындалған. Олар ең жаңа техника саналатын ИМП-С2 мина іздеуші құрылғысымен, "Уран-6" роботты-техникалық кешендерімен жабдықталған. Заманауи іздеу және қорғаныс құралдары Таулы Қарабақтағы әскерилердің өміріне төнген қауіпті аз да болса төмендеткенімен, оның залалынан жүз процент сақтай алмайды.

Қазіргі заманғы жергілікті және өңірлік қақтығыстар соғыс әрекеттерінің тұрақты сипатымен және миналанған алқапты, миналы қақпандарды, жол бойына орналастырылған жарылғыш заттарды және осы секілді бірқатар құралдарды қолданумен ерекшеленеді. Әскер санының аздығы мен ресурстың жоқтығына байланысты  тексерілген және сенімді қорғанысты ұйымдастыра алмайтын қақтығыс тараптары әскери бөлімшелер мен соғыс техникаларын жекелеген аумақтарға шоғырландырып, басқа учаскелерде миналарды қолданады. Қарабақта, негізінен, кеңес заманындағы миналар қолданылған. Олардың нақты қандай сызбамен орналастырылғаны беймәлім және түрлі ауа райына байланысты миналар істен шығып, миналы алқаптар "жаңартылып" жатыр.

Қазақстан Таулы Қарабақ қақтығысы жөнінде ресми мәлімдеме жасады  
Қақтығыстар тарабы жаңа миналар мәселесін аса қиындықсыз шешуі ықтимал. Бұл мәселеде соғыс жағдайында қалдырылған немесе жарылмаған артиллериялық оқ-дәрілердің жайы күрделі проблема тудырып отыр. Қарабақ жерінде мыңдаған жарылу қаупі бар заттар жатыр. Сондықтан, өңірді соғыс жағдайынан шығару үшін ең кемі ресейлік саперлердің ондаған жылдық еңбегі, БҰҰ ресурстарын белсенді түрде жұмылдыру және басқа да гуманитарлық ұйымдарды тарту қажет.

Бұған дейін Әзербайжан аумағын минадан тазалау жөніндегі ұлттық агенттіктің (ANAMA) басшысы Газанфар Ахмедов Бакуге өткен Қарабақ аумағын миналардан толық тазарту он жылдан астам уақытты қажет ететінін мәлімдеді. Сирияда Арменияның 83 адамнан тұратын гуманитарлық миссиясы 2019 жылдың алты айында миналар, снарядтар, әуе бомбалары және қолдан дайындалған жарылғыш заттардан 20 гектардан астам жерді тазалады. Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы соғыстан кейінгі миналарда тазалау жұмыстарының тәжірибесі Қарабақтағы жұмыстардың ауқымын айқындап тұр.

БҰҰ-ның минадан тазалау жөніндегі қызметі (UNMAS) өткен жылдың өзінде Ирак, Ауғанстан мен Сирияны қоса алғанда 19 елде бұл мақсатқа 495 млн доллар жұмсады. Бәлкім, бұл қаражаттың бір бөлігі Таулы Қарабақ аумағын минадан азат етуге де бағытталатын болар. UNMAS мәліметі бойынша, миссия желтоқсан айының басында өз жұмысын бастайтын болады. Ең алдымен мамандар күрделі жағдайда таулы-елді мекендердегі жұмыс ауқымын бағалайды. Саперлердің бірлескен халықаралық күш салулары босқындардың қақтығыстан кейінгі аумаққа қайта оралуын жеделдететін шығар.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутериштің ұстанымы да үлкен үміт күттіріп отыр. Ол оқ атулардың тыйылуы гамунитарлық ұйымдардың қақтығыс салдарынан зардап шеккен бейбіт тұрғындарға қол жеткізуіне және көмек қолын созуына мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Гутериш Таулы Қарабақта Ресеймен ынтымақтастық орнатып, өзара әрекеттестікке дайын екенін атап көрсетті.