Қоғам

Қолжетімді баспанаға халықтың қолы жетпей жүр

Парламент сенатының депутаты Андрей Лукиннің айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасына 3 жыл бұрын бөлінген қаржы әлі күнге толық игерілмеген. Соның кесірінен, жарты миллион адам кезек күтіп, сабылып жүр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Жоғарғы палата депутаттары "Дипломмен ауылға", бағдарламасын да сынға алды. "Жастарға жағдай жасалмаған", дейді депутаттар.

Сенаттың кезекті отырысында екі құжат артық у-шусыз бірауыздан мақұлданғанымен, депутаттарды алаңдатқан мәселе аз емес екен. Олар үкіметтің шалажансар жұмысын жіпке тізіп, Асқар Маминнен жауап талап етті, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Қазақтың бас ауруына айналған баспана мәселесін Андрей Лукин көтерді. Мәселе "Нұрлы жер" бағдарламасында. Бір елорданың өзінде 45 мың адам пәтер кезегін күтіп, сабылып жүр. Алматы, Шымкент шаһарында да осыған ұқсас жағдай. Депутат ел қазынасынан аударылған қаражат тиімді жұмсалғанда, мұндай жағдай болмас еді, деп ашынды. 

"Бағдарламаға 873,8 миллиард теңге бөлінсе, оның тек 476,8 миллиард теңгесі ғана игерілген. Ал тұрғын үй алғысы келетіндердің саны күн санап өсіп жатыр", - дейді сенатор Андрей Лукин.  

Бұл проблеманың бергі жағы. Кезегі жетіп, үйлі болғандардың да көңілі жайында емес. Аты айқалап тұрған бағдарламалармен жыл сайын үй салынады. Ал, дау – ай сайын шығып тұрады. "Сырты бүтін, іші түтін" үйлер туралы өз шағымын жақында ғана Қостанай қаласының тұрғыны Елдос Дастанов телеарна арқылы жеткізген болатын.

Жастарға жасалған жағдай да мәз емес

Сенаторлар "Дипломмен ауылға" бағдарламасына да шүйлікті. Жағдайыңды жасаймыз деген бағдарлама, талай жасты зар қақсатты. Мамандардың мұңын депутат Бекболат Орынбек көтерді. Бағдарлама жастарға мүлдем қолдау көрсетпейді, әсіресе мәртебесі белгісіз қалашықтарда жағдай қиын.

"Мамандардың жұмыс орны қала статусында болуына байланысты барлық әлеуметтік көмектен шеттетілуде. Бұл жағдай мамандардың ауылдық жерден кетуіне және мамандар тапшылығын одан әрі ұлғаюына әкелуде. Мысалы, Шу қаласына 2017-2018 жылдары келген 6 маманның, 5-і бюджет есебінен берілетін әлеуметтік көмекті алмауына байланысты жұмыстан кеткен", - дейді сенат депутаты Орынбеков.

Шалғай ауылдарда да жағдай осы. "Ауылға барып алдандым", деген жастардың бірі – Бақытберді Жекей. Ол осыдан 4 жыл бұрын Шортандыға барған. Жұмыс бар. Бірақ берілген уәденің бірі де жоқ. Мемлекеттен көмек ала алмаған маман ақыры қалаға қайта көшіпті.

"Дипломмен ауылға бағдарламасымен ешқандай көмек те, қосымша көтерме қаражат та алмадым. Ол кісілер маған келесі жылы болады, бюджетте ақша жоқ деген сылтаумен әрдайым шығарып салатын", - дейді Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны Бақытберді Жекей.

Оқи отырыңыз: "Қателік кеткен": Жеңіс Қасымбек баспана дауына түсініктеме берді