Қоғам

Марадонамен кездескен қазақстандық бала: құшақтап жібермей тұрды

Қазақстандық Әли Тұрғанбеков өзінің кумирі Марадонамен кездесіп, онымен бірге алаңда футбол ойнаған болатын
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 қараша – Sputnik. Екі аяқсыз дүниеге келген қазақстандық Әли Тұрғанбеков футболшы Диего Марадонаның қазасына қатысты жазба жариялады.

Әли 2018 жылы кумирімен кездесу туралы естеліктерін жазды.

"Менен қай кездесудің көбірек ұнағаны жайлы сұраған кезде, әрдайым футболдағы аңыз адам Диего Марадонамен болған кездесуді айтамын. Бұл ең алғашқы кездесу еді. Ол маған екі күнін арнады. Ең алғаш жаныма келіп, ол мені қатты құшақтап жібермей ұзақ тұрды. Мені жүз жыл танитын адамдай құшақтаған еді. Аяғын әрең басып жүргеніне қарамастан алаңға шығып, менімен футбол ойнады. Бұл алдын ала жоспарланбаған еді", - деп жазды Әли Instagram парақшасында.

Сондай-ақ Марадонаның чемпионға тән мейірімді жан екенін жазды.

"Жатқан жерің жайлы болсын, қымбатты досым Диего Марадона! Ол мені жазбаларында досым деп атайтын", - деп жазды қазақстандық.

2018 жылы Диего Марадона екі аяқсыз туған қазақстандық Әли Тұрғанбековпен кездесудің видеосын жариялады.

"Бүгін мен Фуджейрадағы (БАӘ) жаттығуға келген досым Әлимен бірге футбол ойнадым. Рақмет, Әли! Сіздің досыңыз Диего", - деп жазды Марадона.

Айта кетейік, 25 қазанда футболдан әлем чемпионы аргентиналық Диего Марадона 60 жасында дүниеден өтті.
Әйгілі спортшы 30 қазан күні медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілген. Миына ота жасалды. Марадона 12 қарашада ауруханадан шықты.

30 қазанда Марадонаның 60 жасқа толуына орай Аргентина чемпионатының 1-турында оның командасы "Химнасия и Эсгрима" "Патронато" (3:0) матчы өтті. Сол күні әйгілі спортшы көпшілік алдына соңғы рет шықты. Матч басталмас бұрын оған естелік тақта сыйға тартылды. Марадонаның емделіп кетуіне алкогольдік және есірткіге тәуелділігі кедергі болғаны айтылды.