АЛМАТЫ, 25 қараша – Sputnik. Көкшетауда егде жастағы ерлі-зайыптыны өлтірді деп айыпталған жігітке сот үкімі шықты. Сот отырысы Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Істі алқабилер қарады.
Істің мән-жайы
Көкшетауда 2020 жылдың сәуір айының соңында он баласы бар егде жастағы ерлі-зайыптыны өлтіріп кетті.
Түнде қаскүнем Есенберлин көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтерге кіріп, үй иесін қатыгездікпен өлтірген.
83 жастағы ер адам мен оның 77 жастағы әйелінің денесі 30 сәуірде таңертең табылды. Оларды буындырып, пышақпен кескілеп тастаған.
Қылмыс болардан бірнеше күн бұрын жәбірленушілердің пәтеріне белгісіз біреудің кірмек болғаны анықталды. Шабуылдаушылар балконға бөтелке лақтырып, әйнекті сындырған.
Қылмыс жасады деген күдікпен Щучинск қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Сол күні алтын салынған қорапша мен екі кілт ұрланған.
Сот үкімі
Алқабилер шешімімен сотталушы Д. Қазақстан Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылды:
- 191-бабы 3-бөлігі 3-тармағы – тұрғын үй-жайға заңсыз кіріп жасалған тонау;
- 24-бабы 3-бөлігі – қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу;
- 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы – тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға не көлікке заңсыз кіріп жасалған ұрлық;
- 192-бабы 3-бөлігі 4-тармағы – қарақшылық;
- 99-бабы 2-бөлігі 1, 3, 5, 8-тармақтары – екі немесе одан да көп адамды өлтіру;
- 287-бабы 1-бөлігі – қаруды заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау және алып жүру.
Сотталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтейді.
Жәбірленуші тараптың пайдасына сотталушы Д. келтірілген моральдық зиян ретінде 20 миллион теңге төлейді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.