Экономика

Алдағы үш жылда Қазақстанда инфляция 4%-ке дейін төмендейді

Президент экономика өсіміне теңдестірілген макроэкономикалық саясат, жеке секторды қолдау, азаматтар алдында әлеуметтік міндеттемелерді орындау есебінен қол жеткізілетінін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Алдағы үш жылда Қазақстанда инфляция 4%-ке дейін төмендетіледі. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Президент экономика өсіміне қатаң, бірақ теңдестірілген макроэкономикалық саясат, жеке секторды қолдау, азаматтар алдында әлеуметтік міндеттемелерді орындау есебінен қол жеткізілетінін атап өтті. 

"Мұндай стратегия бюджет шығыстарын қатаң бақылауды, тиімсіз жеңілдіктер мен субсидияларды алып тастауды, төмен инфляцияны сақтау мен теңгенің еркін бағамын көздейді. Қазыналық салада бюджет шығыстары оңтайландырылып, мұнайға қатысты емес тапшылық азайтылады, ұлттық байлық әділ бөлінетін болады", - деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде. 

Ол ақша-несие саясаты жалпыұлттық әлеуметтік-экономикалық басымдықтарды ескере отырып жүзеге асатынын мәлімдеді. 

"Нәтижесінде бюджеттің мұнай емес тапшылығы, үкіметтің есебі бойынша, 2025 жылға қарай 6%-ті құрайды. Ал жалпы тапшылық 3%-тен аспайды. Алдағы үш жыл ішінде инфляция 4%-ке дейін төмендетіледі, бәлкім, бұл көрсеткіштен де төмен болады", - деді мемлекет басшысы. 

Айтуынша, белсенді индустриаландыру өңдеуші өнеркәсіпте өндіріс көлемінің 1,5 есеге ұлғаюына әкеледі. 
Тоқаев IT саласы мен туризмді басым жаңа бағыттарға айналдыруды тапсырды. Нәтижесінде бұл екі салада 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Деректерді өңдеу және сақтау саласына құйылатын инвестиция 6 есеге артады. 

Біз, сондай-ақ, қазақстандық экспортты белсенді ілгерілететін боламыз. Алдымызда шикізаттық емес экспортты екі есеге, жылына 40 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті тұр, деді президент.