Қоғам

Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы ретіндегі миссиясын атады

Ол Nur Otan партиясы бүгінде өз уәдесінде тұра алатын, елдегі мықты көшбасшыларды топтастырған саяси ұйым екенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы ретінде миссиясы қандай екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған, оны отыз жыл басқарған адам ретінде айтарым: мен үшін еліміздің еңселі ертеңінен артық арман да, құндылықта да жоқ. Осынау күрделі кезеңде еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтау, барша халқымызды президенттің төңірегіне топтастыру –  бәріміздің парызымыз, менің парызым. Менің Елбасы ретіндегі миссиям. Nur Otan партиясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының және де Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде мен осы жолда барымды саламын", - деді Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезінде. 

Ол Nur Otan партиясы бүгінде өз уәдесінде тұра алатын, елдегі мықты көшбасшыларды топтастырған саяси ұйым екенін атап өтті.

"Басқа партиялар да бар, әлі де болар. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ, қоғам солай, уақыт солай. Бірақ, сол партиялардың барлығы нақты ұсыныс жасап, елге жақсылық жасаса екен дейміз. Тек қана сынап, көшеге шығып, айғайлап, одан не шығады? Қанша айғайласа да, көшеге шықса да, түбінде, жаңағы көпбалалы аналар, жағдайы жоқ кісілер кімге келеді? Үкіметке келеді. Бәрін шешетін мемлекет, үкімет", - деді Елбасы. 

Назарбаев қазақстандықтарды "дау-дамай шығармай, айғай-шусыз, депутат болып, партия қатарына қосылып, өз партиясымен парламентке өтіп, мәселелерін сол жерде көтеруге" шақырды.