НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. "Грэммиге" үміткер болған қазақстандық Иманбек Зейкенов Ақсудан ешқайда кетпей, музыка жазуды жалғастырып жатыр. Ол бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Иманбек Зейкенов ең беделді музыкалық сыйлыққа ұсынылғанын естігенде әуелі сенбегенін мойындады.
"Өзімнің тікелей эфирім кезінде білгендіктен сенбедім. Ақсу қаласында тұрамын, музыка жазамын. Жеңіске жетуге зор мүмкіндік бар", - деп Зейкенов Sputnik Қазақстанға қысқаша түсініктеме берді.
Бұған дейін қазақ жігіті New York Times газетіне берген сұхбатында теміржолдағы жұмысын тастағанын айтқан болатын.
Иманбек Зейкеновтің Saint JHN есімді бруклиндік рэпердің Roses әніне жасаған ремиксі әлемдік чарттардың жоғарғы сатысына көтерілді. Қазақстандық мұндай танымалдылықты мүлде күтпегенін, жұлдызды әуен кездейсоқ жазылғанын мойындады.
Жұлдыз болып шыға келді: ақсулық жігіттің хитін әлемде 2,5 млн адам тыңдады
"Аудиожазбаларда Saint JHN әні болды. Тәжірибе жасағым келіп, екі сағаттың ішінде ремикс жаздым. Интернетте жарияладым, достарым лайк басты. Бар болғаны сол. Содан кейін бәрі тынышталды. Үш айдан кейін бұл ән қандай да бір топта жарияланған, ол жерде миллион жазылушы болған. Сол жерден адамдар ақырындап тыңдай бастады. Тағы бір-бір жарым айдан кейін маған продюсерлер шығып, ынтымақтастық орнатуға ұсыныс білдірді", - деді Зейкенов Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Сыйлықты тапсыру салтанаты 2021 жылдың 31 қаңтарында өтеді.
Ремикстер арасында сыйлыққа үміткерлер: Phil Good - Do You Ever (Rac Mix), Deadmau5 - Imaginary Friends (Morgan Page Remix), Jasper Street Co. - Praying for You (Louie Vega Main Mix), Saint Jhn - Roses (Imanbek Remix), Bazzi - Young & Alive (Bazzi vs. Haywire Remix).