АЛМАТЫ, 25 қараша – Sputnik. Алматы облысында 34 жастағы Светлана Ермошенконы бір жасар қызының көзінше өлтіріп кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әйелдің өлімі туралы ақпаратты құқық қорғаушы Дина Таңсәрі әлеуметтік желілердегі парақшасында жариялады. Ал марқұмның туыстары Светлананы өлтіруге күйеуі "тапсырыс берген" деп санайды.
Таңсәрінің жазуынша, кісі өлімі 13 қарашада Іле ауданында Қапшағай тас жолына жақын маңда адам аз жүретін жерде болған.
"13 қарашада күйеуі әйелі мен бір жасар қызын ертіп Қапшағай тас жолындағы "Магнум" дүкеніне азық-түлік алуға барған. Қайтар жолда ер адам дәрет сындырғысы келіп, жолдан 300-400 метр жерге барып тоқтаған. Ол қайтып келгенде әйелін өлтіріп кеткенін көрген. Бірден әйелінің анасына хабарласып, Светлананы өлтіріп кеткенін айтқан", – деп жазды НеМолчиKZ қорының негізін қалаушы.
Марқұмның ата-анасының айтуынша, оқиғаға куәгерлер мен сол маңдағы жолаушылар ер адамның оқиға орнынан кетуіне жол бермей, полиция мен жедел жәрдем шақырған. Ал көлік ішінен тоңазытқыш-сөмке мен балаға арналған тамақтың мол қоры табылған. Туыстары күйеу баласы кетуге дайындалған деп санайды. Оған жалғыз кедергі жұбайы Светлана болған.
Сондықтан да марқұмның туыстары әйелді кездейсоқ бір адамның өлтіріп кеткеніне сенбейді. Олардың айтуынша, ер адам үнемі әйеліне дөрекілік танытып, кішкентай қызын алып Ресейге кеткісі келетінін айтқан.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен екі ер адамның ұсталғанын хабарлап, кісі өлтіру фактісін растады. Істі департамент басшылығы өз бақылауына алды.
"Кісі өлімі ашылды. Екі азамат ұсталды, бірі 37 жастағы Е. және 34 жастағы М. деген азамат. Олар аса ауыр қылмыс жасағанын мойындады. Күдіктілер қамауға алынды", – делінген ведомство хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Бес рет қастандық жасалған: Алматы облысында кәсіпкерді өлтіріп кетті
Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Өзге деректер тергеу мүддесіне сай жарияланбайды.
Қазақстандық қылмыстық заңнамаға сәйкес, күдіктілердің екеуі де мүлкі тәркіленіп немесе мүлкі тәркіленбестен 15 жылдан 20 жылға дейін сотталады. Тіпті, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.