Өңірлер

Ақтөбелік бозбала сүйіктісімен жыныстық қатынасқа түскені үшін үш жылға сотталды

Сот жас жігіттің бұрын сотталмағанын, жәбірленуші мен оның заңды өкілі оған ешқандай талап қоймағанын және соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұрағанын ескерді
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 қараша – Sputnik. Ақтөбеде 15 жастағы сүйіктісімен жыныстық қатынасқа түскен 17 жастағы бозбалаға қатысты сот үкімі шықты. Ол үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады "Мой город" басылымы.

Қыздың анасы олардың бірге жүруіне қарсы болған, соған қарамастан екеуі бірнеше рет үйден қашып кетеді. Соған ашуланған әйел полицияға жігіттің үстінен арыз жазған. Олардың интимдік қарым-қатынаста болғаны анықталған. Қыз келісім жасына жетпегендіктен (Қазақстанда ол 16 жастан басталады), жігіт қыркүйекте қамауға алынды.

Мән-жайды білген қыздың анасы ісіне өкініп, кінәрат-талабы жоқ екенін айтқан. Алайда полиция қылмыстық істі тоқтатудан бас тартты: бұл бап бойынша тараптардың татуласуына заңмен тыйым салынған.

24 қарашада Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Қылмыстық кодексінің 122-бабы "он алты жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас жасау" бойынша айыпталушыға қатысты іс қаралды.

Оқи отырыңыз: Жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсу бабын қатаңдату керек пе – заңгер пікірі 

Сот колледж студентінің 2005 жылы туған жәбірленушімен, яғни 16 жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас жасағанын анықтады. Сотталушының кінәсі сотталушы мен жәбірленушінің берген түсінігімен, сондай-ақ жәбірленушінің заңды өкілінің, куәлардың, сарапшылардың және сот сараптамаларының қорытындыларымен толық дәлелденді.

Прокурор сотталушыға бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда сот жас жігіттің бұрын сотталмағанын, тұрғылықты жері мен оқу орны тарапынан жақсы сипаттама берілгенін, жәбірленушімен татуласқанын, жәбірленуші мен оның заңды өкілі оған ешқандай талап қоймағанын және соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұрағанын ескерді.

Нәтижесінде жас жігіт үш жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласының 20 жастағы тұрғыны 12 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін бас бостандығынан айырылмады. Бұл іс бойынша алқабилер шешім қабылдады, оның ішінде жеті әйел, үш ер адам бар. Шешім көпшілік дауыспен қабылданды. Алқабилер жыныстық қатынасқа қыз өз келісімін берген деген тұжырым жасады. Сондай-ақ, қыздың психикалық және физиологиялық дамуына байланысты жыныстық қатынастың мәнін түсінетіні айтылды.

Алқабилер ер адамның кәмелетке толмаған баласының бар екенін, сондай-ақ бұрын-соңды сотты болмауын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Олар сотталушыны бас бостандығынан айыруға еш негіз жоқ деп есептеді, сол себепті алқабилер дауыс беріп, ер адамды 2,5 жылға бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарды.