Қоғам

"Кінәлілер жауапқа тартылады": Тоқаев Алматыдағы оқиғаға қатысты тапсырма берді

Президент Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың кесілуіне қатысты жағдайға назар аударды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды", - деп жазды Уәли Facebook парақшасында.

Айта кетейік, кеше Алматы тұрғындары орталық көшелердің бірінің бойындағы ағаштардың кесілуіне қатысты наразылық білдірді.

Ағаштар сенбіден жексенбіге қараған түні Төле би көшесінің бойында Әуезов пен Жароков көшесі арасындағы аймақта кесілген. Ол жерде тоғыз емен мен төрт шегіршін діңгегі табылды. Ал Алматының жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесуге рұқсат бермеген. 

"Sulpak мердігерлері – "Сакура" және "Бөрібекова" жеке кәсіпкерліктері Төле би көшесіндегі 187-ші үйдің жанында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқаны анықталды", - делінген Алматы жасыл экономика басқармасының хабарламасында.

Жасыл экономика басқармасының хабарлауынша, "Arena S" (Sulpak) ЖШС, ғимарат иелері және "Сакура" және "Бурибекова" жеке кәсіпкерліктері арасында абаттандыру, субұрғыш науаны демонтаждау, жаяу жүргінші жолы плиталарын бөлшектеу, құнарлы қабатты кесу бойынша мердігерлік шарттар жасалған.

"Кесілген ағаштар бойынша келтірілген залалды анықтау үшін жасыл экономика басқармасы Іле-Алатау ұлттық табиғи паркіне сұрау жібереді. Оның қорытындысы бойынша аталған жағдай талданатын болады", - деп атап өтті ведомство.

Әзірге полиция "Сакура" директорына түнде жұмыс істеп, тұрғындар мазасын алғаны үшін 55 560 теңге айыппұл салды.

Ал өзіне тиесілі аумақты дер кезінде тазаламағаны үшін "Бурибекова" жеке кәсіпкерлігі 83 340 теңге айыппұл төлейді.