Өңірлер

Қазақстанда мал қай жерде жиі ұрланады

Жалпы жыл басынан бері мал ұрлығы үшін 350 адам ұсталып, тұтқындалды. Оның 270-сіне қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Қазақстанда мал жайылымда жиі ұрланады. Бұл туралы ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Айтуынша, 16-21 қараша аралығында мал ұрлығының алдын алу мақсатында кезекті республикалық іс-шара өтті. Нәтижесінде 251 мал ұрлығы ашылып, қылмысқа қатысы бар 229 адам ұсталды. Сонымен қатар, 6 мыңға жуық автокөлік тексеріліп, малды тасымалдау және сату бойынша 510 құқықбұзушылық анықталды.

"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қылмыстардың 60%-тен астамы жайылымда жасалады. Апталап, айлап қараусыз жүрген малдар жайылымнан жиі ұрланады", - деді Таев мал ұрлығына арналған онлайн брифингте.

Осыған байланысты министрліктің бастамасымен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға малды жаю ережелерін әзірлеу және бекіту құзыреті берілген.

Мал жаю ережесін бұзғандар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл үшін 3 АЕК-тен (8 334 теңге) 10 АЕК-ке дейін (27 780 теңге)  айыппұл көзделген.

Таев ережеге сәйкес, енді малды жайылымда қараусыз қалдыруға тыйым салынатынын атап өтті.

Сонымен қатар, айтуынша, 17 қарашада ұрлықтың алдын алуға және ашуға бағытталған, 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғаудың ведомстволық бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама аясында азаматтардың мүлкін, соның ішінде малды сақтандыру бойынша халықаралық тәжірибе пысықталады. 

Жалпы жыл басынан бері мал ұрлығы үшін 350 адам ұсталып, тұтқындалды. Оның 270-сіне қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.