НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтаннан Павлодарға қарай бара жатқан жүк көлігінің жүргізушісі қардан тазаланбаған ақылы жолды видеоға түсіріп, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ өкілдеріне бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ер адам қардан тазаланбаған жолға көлік иелері не үшін ақы төлеуі керек екенін түсінбейді.
"Құрметті "ҚазАвтоЖол"! Біз сіздерге не үшін ақша төлейміз? Бұл не деген жауапсыздық? Арнайы реагенттер жоқ болса, құм мен тұз себіңіздер. Біз ғой жүк көлігімен жүре береміз, ал жеңіл машиналар ше? Мұндай жолда олар шыр көбелек айналады. Ояныңыздар, біз сіздерге ақша төлеуіміз үшін, сіздер жолды қадағалау керексіздер. Мінекей, жол жиектері де тазаланбаған", – дейді жүк көлігінің жүргізушісі.
Жарияланған видеоның астына желі пайдаланушылары жүргізушіні қолдап, пікір қалдыруда.
Өз кезегінде компания өкілдері Instagram парақшасында кешірім сұрап, видео жариялады.
"Жоғарыда аталған жол учаскесі "Ақмола құрылыс материалдары" ЖШС-нің грейдерімен тазаланды. Тапсырыс беруші мердігер компанияға шарт талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. "Қазавтожол" ҰК" АҚ Павлодар облыстық филиалы уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрайды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Полиция қазақстандық жүргізушілерге үндеу жасады