Оқиға

Нұр-Сұлтанда отқа оранған пойыз видеосы тарады – төтенше оқиғаның мән-жайы

Қазіргі уақытта магистралды желі бөлімінің комиссиясы тексеріс жүргізе бастағаны хабарланып отыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 20 қараша — Sputnik. Әлеуметтік желіде өртенген пойыз видеосы тарап жатыр. Видео Нұр-Сұлтанда түсірілгені айтылған. Бұл оқиғаға қатысты "ҚТЖ" АҚ баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға ақпарат берді.

Ролик Kozachkov offside Telegram-каналында жарияланған.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 19 қараша сағат түнгі 3.11-де хабар түскен. Кемеңгерұлы, 9/8 мекенжайында "Ақмола магистралды желі бөлімінің" №18-ші пойызы өртеніп жатқаны айтылған.

Төтенше оқиға орнына жеке құрамның 15 қызметкері мен 3 техника жетті. №50 теміржол жолында аумағы 50 шаршы метр болатын қосымша вагон-ресторан жанып жатқаны анықталды.

Жалын платформада тұрған №Т-330 тракторының кабинасына ауып кетті.

Өрт сағат 04.22-те ауыздықталды.

Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр.

"Жолдар мен байланыс құралдарына зақым келген жоқ. Пойыздар уақытылы қатынауда", - деді "ҚТЖ" АҚ баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта магистралды желі бөлімінің комиссиясы тексеріс жүргізе бастады. Оған астаналық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысады.