НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. Алматы облысының полицейлері сегізінші сынып оқушысын төрт тәуліктен соң тауып, үйіне қайтарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қарашада Панфилов ауылының 33 жастағы тұрғыны кезекші бөлімге хабарласқан. Ол сегізінші сыныпта оқтитын 14 жастағы қызының жоғалып кеткенін айтқан.
"Жасөспірімге шұғыл іздеу жарияланғанымен, ол төрт тәуліктен соң табылды. Осы уақыт аралығында Алматыдағы сауда, ойын-сауық орталығында болған қыз ата-анасына тапсырылды", – делінген ақпаратта.
Полицейлердің айтуынша, биылдың өзінде тәртіп сақшылары бұл қызды осымен жетінші рет іздеп, тапқан.
Анасының айтуынша, қыз саяхаттағанды жақсы көреді және қиялға көп ерік беретін көрінеді. Өзінің қатаң бақылауына, тіпті ювеналды полиция инспекторларының тұрақты жұмыс жүргізуіне қарамастан, ол ебін тауып үйден шығып кетіп жатады. Мұндай мінез-құлық сирек кездесетін аурулар санатына жататындықтан, бүгінде жасөспірім психиатр есебіне алынған.
Оқи отырыңыз: Далада түнеген: Қостанай облысында жоғалған қыздар дін аман табылды
Төзім мен табандылық танытып, перзентін табуға көмектескені үшін анасы полицейлерге алғысын білдірді.