Қоғам

Қазақстандықтар желіде "у шашқан" ұшақтың видеосын таратып жатыр

Желіде тараған видеоның Қазақстанға еш қатысы жоқ екені анықталды, кадрлар осыдан сегіз жыл бұрын түсірілген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Мессенджерлерде тараған "у шашқан" ұшақтың видеосы Солтүстік Қазақстан облысында түсіріліпті-міс.

Желі қолданушыларының зәресін ұшырған видео Қазақстанда түсірілмегені белгілі болды.

"Шын мәнінде, бұл кадрлар 2012 жылы желтоқсанда түсіріліп, YouTube-те жарияланған. Ту-204 ұшағының көкке көтерілген сәті Якутскіде түсірілген. Сол кезде ауа температурасы минус 45 градус болған", - деп хабарлайды stopfake.kz.

Басылымның ақпаратынша, ұшақ артынан қалған із инверсия немесе конденсация деп аталады. Ол конденсацияланған ылғалдан, тамшылардан немесе мұз кристалдарынан пайда болады және ұшу аппараттары әуеге көтерілген кезде түзіледі.

"Бұл құбылыс тропосфераның жоғарғы қабаттарында жиі байқалады, тропопауза мен стратосферада – өте сирек. Ауа температурасы төмен болғанда шағын биіктіктерде де байқалуы мүмкін", – делінген Википедияда.