Спорт

"Қазақстанда барлығы сатылады" деген спортшы енді не істейтінін айтты

Алеся Сафронова ел чемпионатына оралуға ниетті екенін айтты. Ал Қазақстан волейбол федерациясы адам өзін бақылап, кез келген жағдайда өз сөзіне жауап беруі керек деп есептейді
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 қараша – Sputnik. Волейболдан өткен чемпионатта өзінің даулы сөзі арқылы танылған қазақстандық волейболшы Алеся Сафронова алғаш рет болған жағдайға түсініктеме берді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Алеся Сафронова ел чемпионатына оралуға ниетті екенін айтты. Айта кетейік, спортшы кезекті ойындардың бірінде "Қазақстанда барлығы сатылады" деген сөзінен кейін чемпионаттан шеттетілді.

Волейболшы өзін шеттету туралы федерация шешімі қатал деп санайды. Ол бұл сөзді эмоциямен айтқанына назар аударды. Сондай-ақ, спортшы федерация мен мемлекеттен кешірім сұрады.

"Мұндай ойын кезінде өзіңді, эмоцияңды басқару мүмкін емес. Иә, мен қазір түсініп отырмын. Төрешілер біздің тарап жіберген кез келген қателікті көріп, бірден қызыл қағаз беріп отырды. Басқа команданың жаттықтырушысы біздің жаттықтырушыға барып айғайлап, боқтық сөз айтты. Соны көріп, ойыншылар бізге саусағын көрсетті. Ойын барысында осының бәрін көріп, естиміз. Осының барлығы адамның өзін басқара алмауына әкеледі", - деді спортшы.

Қазақстан спортшылар одағы да Сафроноваға қатысты қатаң жаза қабылданды деп отыр. Ол жерде бойжеткеннің мықты спортшы екенін айтты. Белгілі болғандай, спортшы Қазақстанға 13 жыл бұрын Украинадан көшіп келіп, жақсы нәтиже көрсеткен. Сондықтан одақ сары қағаз берумен шектелуге болатын еді деп санайды.

"Шеттетуден бұрын оған екі рет сары қағаз беру керек еді. Сары қағаз берілген жоқ, ойынға қатысты ескертулер жасалған жоқ (...) Екіншіден, оны алаңнан шеттетіп, яғни ойыннан шығарып тастау қажет еді. Алайда жалпы карьерасын тоқтату – менің ойымша, спортшы үшін өте ауыр жаза", - деді Қазақстан спортшылар одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Азамат Қарлығашев.

Ал Қазақстан волейбол федерациясы адам өзін бақылап, кез келген жағдайда өз сөзі үшін жауап беруі керек деп есептейді.

"Ол федерацияда не сатылатынын дәлелдесін. Дәлелі бар ма? Бұл жалпы сотқа жіберуге болатын іс. Оның қолында федерацияда бәрінің сатылатыны, сатып алынатыны жайлы дәлел бар ма? Біздің төрешілер ең әділ деп айта аламын, себебі бұл сондай спорт түрі", - деді федерацияның бас хатшысы Ермек Сырлыбаев.

Ал қоғам белсенділері бұл іске мәдениет және спорт министрлігі мен халықаралық волейбол федерациясы араласуын талап етіп отыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын "Жетісу" клубының капитанының волейбол чемпионатынан шеттетілгені хабарланған болатын. Ол "Қазақстанда бәрі сатылады" деп мәлімдеген.