Өңірлер

Той иелерін тастап, қашуға тырысты: Таразда қонақтарға да хаттама толтырылды

Құқық қорғау органдарының өкілдері оларға заңбұзушылықтың себеп-салдары мен оның жауапкершілігін түсіндірген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Тараз қаласында мобильді топ өкілдері 80-ге жуық адам қатысқан үйлену тойының үстінен түсті. Бір қызығы, қонақтар жауапкершілікке тартылмау үшін тойханадан қашуға тырысты, деп хабарлайды Polisia.kz.

"Мобильді топтың бірі облыс орталығында 80 адамға арналған үйлену тойы өтіп жатқанын анықтады. Олар тойханаға кіріп келгенде, қонақтар қалыңдық пен күйеу жігітті залда қалдырып, өздері қашуға тырысты", – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, полицияға қаладағы дәмханалардың бірінде сегіз адамнан құралған бір топ отырғаны туралы хабар түскен. Жазадан құтылғысы келген олар да қашуға тырысқан. Бір қызығы, дәмхана әкімшілігі олардың қашып кетуіне көмектескенімен, әрекеттері сәтсіз болды.

Полицейлер оларға заңбұзушылықтың себеп-салдары мен оның жауапкершілігін түсіндіріп, әкімшілік хаттамалар толтырды.

Оқи отырыңыз: Тойға полицей болып кіріп келген асаба жауапқа тартылады – видео

Айта кетейік, пандемия кезінде ойын-сауық шаралары мен түрлі отбасылық басқосулар өткізуге қатаң тыйым салынады.