НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Қостанай облысында жер астына құбыр төсеу кезінде топырақ құлап, 16 жастағы жұмысшы қайтыс болды. Полиция өкілдері апаттың алдын-ала себептерін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"36 жастағы экскаватор жүргізушісі жұмысшыны құтқару кезінде абайсыз әрекет жасауы салдарынан кәмелетке толмаған жеткіншек қайтыс болды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, аталған іс "еңбек қорғау ережелерін бұзу" бабы бойынша тергелген.
Ал жергілікті "Алау" басылымының хабарлауынша, қайғылы оқиға 30 қыркүйек күні жер астына құбыр төсеу кезінде болған.
"Қостанай облысының Алтын-дала ауылында 16 жастағы жұмысшы топырақ астында қалып, көз жұмды", – делінген басылым ақпаратында.
Оқи отырыңыз: Павлодарда КамАЗ карьерге түсіп кетті: екі адам көз жұмды