Саясат

Adal партиясы мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін бекітті

Кандидаттар тізіміне барлығы жиырма адам енген, олардың арасында спортшы, тележурналист, кәсіпкерлер де бар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Adal (бұрынғы "Бірлік") саяси партиясы кезектен тыс VII съезінде мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Партия төрағасы Серік Сұлтанғалидың айтуынша, тізім партияның жаңа мүшелерінің белсенділігі мен тәжірибесіне сүйене отырып жасалған.

"Партияның атауы өзгерген сәттен бастап біздің қатарымызға 5 мыңнан аса адам қосылды. Біз партиялық тізімге толық енген саяси кеңес мүшелерін қоса алғанда, тәжірибесі бар кадрларға да, жаңа қатарластарымызға да мүмкіндік беруге тырыстық", - деді ол.

Саяси кеңес мүшелері мен делегаттарының дауыс беру қорытындысы бойынша Adal партиясынан мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізіміне 20 адам енді:

  • Серік Сұлтанғали – Adal партиясының төрағасы;
  • Эльдар Жұмағазиев – мемлекет және қоғам қайраткері, бірқатар білім және әлеуметтік жобалардың авторы, экономист, саясаттанушы;
  • Ардақ Назаров – белгілі спортшы, қоғам белсендісі;
  • Мақсат Толықбай – белгілі тележурналист, "Ашық алаң" тележобасының жүргізушісі, Maltabu.kz сайтының авторы;
  • Алмасбек Садырбаев – "Шопан ата" Қазақстан қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы;
  • Дәулет Мұқаев – тележурналист, қоғам белсендісі;
  • Олжас Ордабаев –  "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, білім беру саласының сарапшысы;
  • Жигули Дайрабаев – "Қазақстан фермерлер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті;
  • Нұрлыбек Малелов – қаржыгер, мемлекет қайраткері;
  • Ғалымбек Жақсылықов – қоғам қайраткері, Қызылорда облысының белсенді тұрғыны;
  • Лаура Мәлікова – Тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрағасы;
  • Игорь Шацкий – кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі сарапшы;
  • Алина Әбдірахманова - бизнес-білім беру саласын басқару жөніндегі маман, сарапшы;
  • Халиола Акдрашев – кәсіпкер;
  • Ляззат Чинкисбаева – "Менің Атамекенім" әлеуметтік қорының төрағасы;
  • Мұрат Қожамқұлов – партияның Нұр-Сұлтандағы филиалының төрағасы;
  • Ғани Абадан - партияның Алматыдағы филиалының төрағасы;
  • Тимур Әбдікәрімов – партияның Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы;
  • Ақмарал Бекмұрзаева – бизнес-тренер, кәсіпкер;
  • Әнуар Керембаев – экономика сарапшысы.

Айта кетсек, кезектен тыс VII съезде партияның 5 негізгі бағыттан тұратын сайлауалды бағдарламасының жобасы ұсынылды:

  • Халықтың өмір сапасын көтеру;
  • Кәсіпкерлік – дамыған мемлекеттің іргетасы;
  • Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беру;
  • Өңірлердің өркендеуі – қуатты мемлекет діңгегі;
  • Өмірге қолайлы мемлекет.