НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша - Sputnik. Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы бейнеконференция форматында өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бизнес ахуалды жақсарту қажеттігіне арнайы тоқталды. Бұл орайда үкімет сапалы әрі жаңа реттеуші жүйе әзірлейді. Барлық бақылау-қадағалау, рұқсат беру және өзге де реттеуші тетіктерге ауқымды тексеру жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекет басшысы биыл өзінің тікелей тапсырмасымен инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау жұмыстары күшейтілгенін атап өтті. Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жалпы сомасы 12 трлн теңгеден асатын 500-ден астам инвестициялық бизнес-жобаны тексеріп жатыр.
Президент экология мәселесіне де назар аударып, жиынға қатысып отырған шетелдік азаматтарға жаңа Экологиялық кодекстің әзірленіп жатқаны туралы айтты. Құжат экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің озық тәсілдері негізінде дайындалған.
"Бұл технологияны енгізген кәсіпорындар эмиссия төлемінен босатылады. Мемлекет экологиялық шығындарды кәсіпорындармен бөлісетін мұндай тәжірибені кез келген ел қолдана бермейтінін атап өткім келеді. Біз мұндай қадамға саналы түрде барып отырмыз. Осы орайда бизнес өкілдері келісімдегі өз міндеттемелерін толыққанды орындайды деп ойлаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы пандемияның теріс салдары жағдайында цифрлық экономиканы жедел дамытуға қуатты серпін берген IT саласының мүмкіндіктерін атап өтті. Оның айтуынша, отандық IT-саласын дамыту үшін Қазақстан алдағы 5 жылда кемінде 500 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Аталған сала әлемдік технологиялық компаниялардың елеулі қолдауына зәру.
"Бүгінде әлемдік майнингтің шамамен 6 ппроценті Қазақстанда шоғырланған. Бұдан бөлек, IT, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялық қызметтер нарығын дамыту экспорт үшін елеулі мүмкіндіктер ашады. Біз бұлтты есептеулер мен платформалар саласында ірі әлемдік ойыншылардың инвестицияларын тартуды жоспарлап отырмыз", - деді мемлекет басшысы.
Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында деректерді өңдейтін төрт мегаорталықтың құрылысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өте қуатты, ауқымды есептеуіш ірі халықаралық ақпараттық магистральда орналасатын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика саласын дамытудың маңызды екенін айтты. Президент 2025 жылға қарай Қазақстан дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50 процентке дейін арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ медициналық жабдықтар мен қосалқы материалдар өндірісін ұлғайту қажет. Бұл салалар инвестиция үшін ашық, мемлекет мұндай жобаларды толық қолдайтын болады.
Жиында мұнай-газ саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және дамыту мәселелері арнайы талқыланды.