Қоғам

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің әкесі қайтыс болды

Танымал қазақстандық боксшы Серік Сәпиевтің әкесі Жұманғали Дәуітұлы өмірден өтті, Қазақстанның бокс федерациясы марқұмның отбасына көңіл айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Қазақстан бокс федерациясы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке әкесі Жұманғали Дәуітұлының қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

"Біз, бүкіл спорт қауымдастығы, қайғыңызға ортақтасып көңіл айтамыз. Осы қиын сағаттарда сізді қолдағымыз келеді. "Әке – асқар тау" деп тегін айтпаған. Әкеңіз ер мінезді, Сәпиевтер отбасының тірегі еді. Әкеңіз туралы естеліктер, онымен бірге болған барлық жарқын сәттер осы қиын күндерде тірегіңізге айналсын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", - делінген федерацияның Instagram-дағы парақшасында. 

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Жұманғали Сәпиев 20 жылдан астам уақыт Қарағанды облысында "Абай" шахтасында жұмыс істеген. Жұбайы Иринамен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірді.

Серік Сәпиев – бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы (69 келіге дейін), Вэл Баркер кубогының иегері, екі дүркін әлем чемпионы (2005, 2007).

Қазақстандық танымал боксшы 2012 жылы спорттағы жолын аяқтады.

"Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Брунель университетінде білімін шыңдады. 2014-2017 жылдар аралығында "Astana Arlans" кәсіби бокс клубының бас директоры болды.

2017 жылдың 28 ақпанынан 2019 жылдың 30 қаңтарына дейін – парламент мәжілісінің депутаты.

2019 жылдың қаңтарынан мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметін атқарады.

Осы жылдың 20 тамызында Сәпиевтің 12 тамыздан 23 желтоқсанға дейін бала күтіміне байланысты демалыс алғаны хабарланған еді.