Клинтон Американың "жаһандық жоспарын" бөлісті

Хиллари Клинтон Американың әлемдегі үстемдігін қалпына келтірудің стратегиялық механизмдері айқындалған бағдарламалық мәтінді жариялады
Sputnik

Америка президенттігіне үміткер болған Хиллари Клинтон АҚШ-тағы беделді Foreign Policy журналына бағдарламалық мәтін жариялады. Бұл мақаланы америкалық әлемдік гегемонияны қалпына келтіру ісіндегі бағдарламалық стратегия деп қарастыруға әбден болады, деп жазады РИА Новости.

Болашақ президент Байденнің сөзін оқып та, тыңдап та әуре болмауға болады: Клинтон ханым барлығын анық әрі айқын жазып көрсеткен. Дәл осы стратегияның жүзеге асу мүмкіндігі үлкен болып тұр.

Өзін "президент мадам" деп атаған Хилларидің мәтініндегі ең парадоксалды тұсы бұл бағдарлама Дональд Трамптың айтқаны ақиқат екенін толығымен мойындап отыр. Дональд Трамп өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылса да, АҚШ-тың тарихи бағытын өзгерткенін өз жетістігі ретінде атай алады. Алдағы уақытта өлілердің дауыс санымен билікке келетіндердің қай-қайсысы болса да сыртқы және ішкі саясатты Трамп енгізген өзгерістерді ескере отырып құруы тиіс.

АҚШ-тың 45-ші президентіне қаратып айтқан аса эмоционалды сынына қарамастан, Клинтон бұған дейін демократтар назар аудармақ түгілі оларды жоққа шығаруға тырысқан проблемаларға мән беріп отыр: "Қос партияның президенттік әкімшіліктері стратегиялық маңызы бар салаларды әлсіретіп, өндірістің маңызды бөліктерін шекара сыртына жөнелтіп жатқан экономикалық саясаттың ұлттық қауіпсіздікке келтіретін салдарын жете бағаламай отыр. Белгілі себептерге байланысты сыртқы саяси қауымдастық жаңа сауда келісімдері одақтарды нығайтып, Американың дамушы елдердегі ықпалын арттыратынына басым көңіл бөліп отыр. Республикашылдар жұмысшыларды қолдау, жұмыс орындарын құру және зардап шеккен қауымдастықтарға инвестиция салу шараларына кедергі келтірген шақта демократтар жаңа сауда келісімдеріне тосқауыл жасауы керек", деп жазады Клинтон.

Байденнің президенттігі кезінде Ресей қатаң санкцияларға ұшырауы мүмкін бе?
Экономикалық жаһанданудың салдарларына жауапсыздықпен қараған республикашылдарға қатысты шымшыма сөзді есепке алмағанда, бұл мәтінді Дональд Трамп спичрайтерлерінің бірі жазды ма деп ойлауға болар еді. Себебі, Трамп өз қызметін демократтар мен республикашылдарды америкалық жұмыс орындары мен өндіріс қуаттарын Қытайға саналы түрде шығарды деп айыптау арқылы құрды емес пе.

Америкалық жаһандану өлді немесе оны Трамп өлтірді. Сондықтан болар, қазір Демократиялық партияның жетекші саясаткері өзінің бағдарламалық мәтінін трамптық сарында жазып, Қытайды АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнген әскери және экономикалық қауіп ретінде сипаттап отыр.

Хиллари Клинтонның бағдарламасында Ресеймен күреске қарағанда Қытаймен күреске басымырақ көңіл бөлінген. Дегенмен де, АҚШ-тың басты жаулары үтір арқылы жиі жазылған. Қалай болғанда да "барлық күшті Ресейге қарай бағыттау" туралы сөз қозғалмаған. Ресей Қытайды тұншықтыру кезіндегі "бонустық міндет" ретінде ғана қарастырылған.

Клинтон ханым өз мәтінінде Қытай және Ресеймен бейбіт ғұмыр кешу туралы мүлде ой қозғамайды. Мемлекеттік департаменттің экс-жетекшісі дипломатияның өзін қысым көрсетудің қолайлы құралы ретінде қарастырып отырғаны жасырын емес. Мысалы, Трамп әкімшілігін одақтастарымен жұмыс істей алмайды деп сөккен ол дұрыс дипломатияның келесі мысалын келтіріп отыр:

"Дипломатияны ұстануды қалпына келтіру Құрама Штаттардың әскери жағдайын нығайта түсер еді. АҚШ одақтары – бұл актив және онымен Қытай да, Ресей де күш сынаса алмайды. Бұл Вашингтонға өз күшін бүкіл әлемге таратуға мүмкіндік береді. Мысалы, мен мемлекеттік хатшы болған кезде біз 2 500 америкалық теңіз жаяу әскерін Солтүстік Австралияда, Оңтүстік Қытай теңізінің даулы теңіз жолына жақын аумақта орналастыру туралы келісім жасадық". 

Егер, НАТО-ны "рэкетирлік" бизнеске айналдырды деп айыпталған Трамп нағыз бизнесмен ретінде ақшалай түрде төлем жасауды құптаса, демократиялық истеблишменттің әдісі вассалдар ақшалай да, заттай да ақы төлеуін көздеп отыр. Яғни, демократтар АҚШ Қытай мен Ресейден әскери үстем болуы үшін өзге мемлекеттер америкалықтарға көмек көрсетуін қалап отыр.

Жағымды жаңалық та жоқ емес. Байден әкімшілігінің мүшесі болып табылатын Клинтон Қытай немесе Ресеймен "кездейсоқ" ядролық соғыстан мүмкіндігінше аулақ болуды қолдап отыр.

Қаруланудың жаңа конвенциялық жүйелерін құру қажеттілігін сөз еткен Клинтон "бұл мүмкіндіктер Қытай және Ресеймен консультациялар өткізу мүмкіндігі бар механизмдермен сүйемелденуі керек" екенін айтады. Оның айтуынша, қашықтықтан орындалған қарапайым соққы қателікпен ядролық соққы деп саналып, орны толмас оқыс жағдайларға алып келуі мүмкін. Вашингтонның мұндай механизм жұмысы үшін күш салуы, әрине, жақсы. Бірақ, америкалық истеблишменттің өз геосаяси мүдделерін зымыранды соққылар арқылы насихаттауы көңілді күпті етеді.

Американың әлемге ықпал ете алатын көшбасшы мемлекет ретінде тізгінді қолына қайта алуы екіталай. Анығы біреу: ғаламшарда бейбіт өмір болмайды. Себебі, АҚШ қандай да бір өндірістік қуаттарды өз аумағына қайтарғысы келеді, ал, геосаяси қарсыластарына әскери және дипломатиялық әдістермен қысым көрсететін болады.