Өңірлер

Коронавирустың "қызыл" аймағына қанша облыс кірді

12 қарашада республиканың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері "қызыл" аймаққа төрт өңір кіргенін мәлімдеген еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова қандай облыстар коронавирустың "қызыл" аймағына енгенін айтты,  деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазіргі таңда бізде "қызыл" аймақта Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары қалып отыр. "Сары" аймақта – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Қостанай және Павлодар облыстары. Қалған өңірлер –"жасыл" аймақта", - деді ол екінші тоқсанның басталуына арналған баспасөз мәслихатында.

12 қарашада республиканың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов "қызыл" аймаққа төрт өңір – ШҚО, Павлодар облысы, БҚО және Қостанай облысы кіргенін мәлімдеген еді. 

Есмағамбетова өңірдің бір аймақтан екіншісіне өтуі күн сайын өзгеріп тұратынын атап өтті. Бұл бірнеше көрсеткішке байланысты.

Біріншісі – R саны, яғни репродуктивтілік көрсеткіші. Бұл коэффициент індетке шалдыққан бір науқастың вирусты қанша адамға жұқтыра алатынын көрсетеді. 

Екіншісі –100 адамға шаққанда соңғы жеті күндегі ауруға шалдығу көрсеткіші. 

Осы екі көрсеткішке күн сайын мониторинг жүргізіледі.