АЛМАТЫ, 17 қараша – Sputnik. Шымкентте облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігеріне қатысты үкім шықты. Сот Әнуар Маймақовтың бюджет ақшасын мақсатсыз жұмсағанын анықтады.
Тергеу барысында медициналық мекеме бюджетіне алты миллион теңге түскені белгілі болды. Ол қаражат аурухана қажеттілігі үшін бөлінген.
Алайда аурухананың бас дәрігері қаражатты өз бетінше жұмсаған. Осылайша, ол ақшаның бір бөлігін 400 шырша сатып алып, өзі туған ауылда отырғызуға жұмсаған. КТК телеарнасының хабарлауынша, ол өз туған күнін осылай атап өткен.
Сонымен қатар тағы бір миллион теңгені баласына тиесілі қымбат тұратын жол талғамайтын көліктің қозғалтқышы мен жүріс бөлігін жөндеуге жұмсаған. Нәтижесінде Маймақов төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, бұл аурухана ішінде бюджет қаражатын жымқыру бойынша алғашқы іс емес. Аурухананың бас есепшісі 19 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен.
Әйел қаражатты жақын туыстарының атына аударып, әрі қарай қолма-қол ақшаға ауыстырған. Оған қатысты сот үкімі шығып, әйел жеті жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот оларға қатысты неге жеңіл үкім шығарылғанын түсіндірді. Екеуі де кінәсін мойындап, келтірілген зиянның орнын толтырғаны айтылып отыр.