Өңірлер

Шығыс Қазақстанда не болып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында қазан айының соңынан бастап күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған 200-ден астам науқас анықталып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Асқар Хорошаш COVID-19 індетінің таралуы бойынша "қызыл" аймаққа кірген өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

Пандемия басталғалы бері облыста коронавирус инфекциясын 13 705 адам жұқтырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"3 118 инфекция ошағы мен науқаспен қарым-қатынас жасаған 6 908 адам бақылауға алынды. COVID-19-дың таралу қаупін азайтып, қарым-қатынас жасаған адамдарды дер кезінде іздеу, сондай-ақ оларды оқшаулау үшін медициналық эпидемиологиялық бригадалар құрылды", - деді Асқар Хорошаш.

Облыста 40 жұқпалы аурулар ауруханасы, алты мыңнан астам төсек орын дайындалды.

"Жалпы алғанда, 696 науқас жұқпалы аурулар ауруханаларына жатқызылды, оның 76-сы ауыр, қалғандары орташа ауыр жағдайда. Карантиндік ауруханаларда 19 адам емделіп жатыр", - деді Асқар Хорошаш.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың "қызыл" аймағына қанша облыс кірді 

Төсек-орын санын көбейту үшін Өскеменде 150 орынға арналған жаңа аурухана ашылады. Медициналық мекемені жедел жәрдем ауруханасының базасында орналастыру жоспарланып отыр – ол жерде күрделі жөндеу жүргізілді.

Сонымен қатар, Хорошаш пандемия кезеңінде өңірде 1,4 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырғанын айтты. Олардың сегізі қайтыс болған.  

"Барлық санитарлық ережені қатаң сақтайтынына қармастан, медициналық қызметкерлер де COVID-19 инфекциясын жұқтырып жатады", - деп атап өтті ол.

Қазір Шығыс Қазақстанда коронавируспен 533 дәрігер және 1,5 мыңға жуық орта медициналық қызметкер күресіп жатыр.

"ШҚО ауруханаларының қорында жарты миллионнан астам дәрі-дәрмек бар. 144 мыңнан астам ыстық түсіретін, 65 мың вирусқа қарсы дәрі, сондай-ақ 300 мыңнан астам антибиотик жеткізілді. Сонымен қатар жапон ғалымдары ойлап тапқан "Фавипиравир" препараты әкелінді, ол қазірдің өзінде көптеген елде қолданылады", - деді Хорошаш.

Оның мәліметінше, бұл қор ауруханалардағы төсек-орын толған жағдайда бір айға жетеді.   

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы "қызыл" аймаққа 3 қарашада кірді, ол кезде өңірде тәулігіне 200-ден астам адам COVID-19 індетін жұқтырғаны анықталды. Қатаң карантин шаралары енгізілді.