Қоғам

Мемлекет басшысы үкіметке жаппай карантиннің алдын алуды тапсырды

Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек, деді Тоқаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтауды тапсырды, деп хабарлады Ақорда.  

Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесте пандемия кезінде отандық дәрігерлердің тиісті тәжірибе жинағанын, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренгенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырғандарды жасыру деректері анықталды – президент 

Оның айтуынша, осы аралықта еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жолға қойылды. Науқастармен байланыста болғандарды анықтау ісі жетілдірілді. Бизнес өкілдері де жаңа ахуалда жұмыс істеуге бейімделе бастады. Ең бастысы, азаматтардың пандемияға деген көзқарасы өзгерген.

"Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем "ковид теңдеуі" деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр", - деді мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді.

"Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау", – деп түйіндеді Тоқаев.