Қоғам

Тоқаев пен Путин ресейлік вакцинаны өндіретін зауыт салуға келісті

Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап кетті, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен ресейлік вакцинаны өндіретін зауыт салу туралы келісім жасағанын хабарлады, деп жазды Ақорданың ресми сайты.

"Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім",- деді Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесте.  

Оның айтуынша, үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап кеткен.

"Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бәрі қабылдап жатыр", – деп толықтырды президент.

Мемлекет басшысы марламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қарауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізуді тапсырды.

Оқи отырыңыз: Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина NARUVAX C-19 деген атауға ие болды  

Кеңес үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен видеоконференция режимінде өткізілді.