Өңірлер

Ақтөбе облысында 58 жастағы шетелдік бір жыл бойы құлдықта болған

Қостанай облысында шаруа қожалығының басшысы 21 жастағы тұрғынды бас бостандығынан заңсыз айырып, екі жарым жыл еңбекке жеккен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысында шаруа қожалығының басшысы 58 жастағы өзбекстандықты бір жыл бойы еңбек құлдығында ұстаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, шаруа қожалығының басшысы Өзбекстан азаматының құжаттарын тартып алып, оған қоқан-лоққы жасап, бір жыл бойы еңбек құлдығында ұстаған.

"Қазіргі кезде шаруа қожалығының басшысы анықталып, полицияға жеткізілді", – деді онлайн брифингте министрліктің баспасөз қызметінің өкілі Кәміл Ғалиев.

Айтуынша, жәбірленуші сарайда тұрған, күдіктінің малын баққан.

Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 128-бабы (адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Аталған бап бойынша жеті жылдан тоғыз жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар, осыған ұқсас жағдай Қостанай облысында анықталды.

Шаруа қожалығының басшысы 21 жастағы тұрғынды бас бостандығынан заңсыз айырып, екі жарым жыл еңбекке жеккен. Жәбірленуші жайылымда ұсақ және ірі қара малға, жылқыларға қараған.

Қазір ол дағдарыс орталығына орналастырылды.

Оқи отырыңыз: Бес жыл құлдықта болған Қарағанды тұрғыны басынан кешкен сұмдықты айтып берді

Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-тармағы 2-тармақшасы бойынша тергеу басталды. Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, мүлкі тәркіленеді немесе бес жылдан он жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін.