Қоғам

Нұртас Адамбай америкалық отбасы асырап алған қызға анасын табуға көмектесті

Америкалық отбасы екі жыл бұрын үлкен қызының биологиялық отбасымен байланыс кездейсоқ жоғалғанын айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Актер әрі режиссер Нұртас Адамбай мен оның командасы Қазақстаннан асырап алынған, бүгінде АҚШ-та тұратын бойжеткеннің биологиялық отбасын тапқанын мәлімдеді.

Шоумен қазақ-америкалық қауымдастық (Kazakh American аssociation) тобының парақшасында жарияланған жазбаны байқаған.

"Жақында Кристен Демшок асырап алған қызының анасы Шолпан Қанышкенқызын іздеп жатқаны туралы жазды. Бірақ ол жеке хабарламаларды тексермейтін сияқты. Біз оны тапқандықтан, Шолпанмен байланысу тетіктерін оған жібердік. Осы күндері Шолпан Қанышкенқызы қызының қоңырауын күтіп жүр", – деп жазды Адамбай.

Америкалық әйел Кристен Демшок Қазақстаннан екі қыз асырап алып, үлкен қызының отбасымен байланыс нөмірлерін жоғалтып алған екен.

"Біз кіші қыздың анасымен байланыстамыз. Нөмір өзгергендіктен үлкен қыздың отбасымен байланысымызды үзіп алдық. Менің аты-жөнім мен мекенжайым, сонымен қатар байланысуға көмектесетін аудармашым бар. Бірақ байланыса алмай отырмыз. Өйткені олар шалғайдағы Көктас ауданында тұрады. Бізге көмектесе алатын адамдар бар ма? Қызым 17 жаста және олармен сөйлескісі келеді", – дейді Кристен.

Олар қыздың анасымен соңғы рет 2018 жылы хабарласып, Қазақстанға кездесу үшін келуді жоспарлаған.

Оқи отырыңыз: Түркістандық жасөспірім анасын іздеп елордаға кетіп қалған

Айта кетейік, қауымдастық тобында Қазақстаннан асырап алынған америкалық балалардың жарияланымдары жиі кездеседі. Көп жағдайда биологиялық ата-анасын іздейтін этникалық қазақтардың орташа жасы 17-20 жасты құрайды.