Әлем

Арменияда қазақстандық оқ-дәріге қатысты жанжал шықты

Армениялық Moston Engineering компаниясы қазақстандық оқ-дәріні Түркияға сатты деген күдікке ілінді – бұл туралы Telegram каналдары жазып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Арменияның қорғаныс министрлігі Түркияға оқ-дәрі сатылғаны туралы қауесетті жоққа шығарды.

"Қару сату туралы қауесет тарату – бұл ашық бұрмалау және өтірік", - деп Sputnik Армения қорғаныс министрінің баспасөз хатшысы Шушан Степанянның сөзінен үзінді келтірді.

Осындай мәлімдемені Moston Engineering қару-жарақ сату компаниясының басшысы Давид Галстян да жасады.  

"Компания шынымен де 2014 жылдың сәуірінде Қазақстаннан түрлі калибрлі 200 миллион оқ-дәрі сатып алды. Сатып алу процесі қазақстандық заңнамаға және халықаралық құқықтарға сәйкес өтті", - деді Галстян.

Оның айтуынша, сатып алу туралы түпнұсқа құжаттың негізінде оқ-дәрілер Түркияға жіберілгені туралы қисынсыз болжам жасалған.

"Оқ-дәрі бірнеше мемлекетке қайта сатылды, бірақ Түркияға сатылғаны туралы ақпарат – толық өтірік және бұрмалау", - деп атап өтті Галстян.  

Ол 2018 жылы Moston компаниясының қазақстандық кеңсесіне түрік компаниясынан сұратым түскенін, бірақ қабылданбағанын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев армияны бәсекеге қабілетті қару-жарақпен жабдықтауды тапсырды 

Галстян компания бағаны және жеткізілім сапасын анықтау үшін түрлі ұйымдарға сұратым жіберетінін жасырмады.

"Компанияның сұратым жіберуі мәміле жасалғанын білдірмейді", - деп түсіндірді Moston басшысы.

Ол сондай-ақ Қазақстаннан әкелінген басқа қарулар туралы ақпаратқа түсініктеме берді.  

"Ол жақтан ескі шығарылымның снарядтары 1 500 доллардан әкелінді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Соңғы он жылда Қазақстаннан жаңа шығарылымның бір түрі ғана сатып алынды. Қазақстаннан ешқандай снаряд әкелінген жоқ", - деп түйіндеді Галстян.