Қоғам

Карантин күшейтілді: Қазақстанның қай облыстарына кіріп-шығуға тыйым салынды

Елдің солтүстігі мен шығысында бірқатар елді мекен карантинге жабылған, ПТР анықтамасы жоқ адамдарға облыс аумағына кіріп-шығуға тыйым салынып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустың екінші толқыны басталған жоқ десе де, барлық дерлік өңірде вирус жұқтырғандар көбейіп барады. Эпидемиологиялық жағдай, әсіресе, солтүстік пен шығыста ушығып тұр. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов мұны бұл өңірлерде халық көші-қонының жоғары болуымен байланыстырды. Қазір республика бойынша індетке шалдыққандар саны 120 мыңнан асты. Осыған байланысты әр облыста шектеу шаралары біртіндеп қатаңдатылуда. Елдегі қазіргі ахуал және карантин талаптары жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан шолуынан оқыңыз.

Коронавирустың "қызыл" аймағында – 4 облыс

Осы аптада денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның барлық дерлік өңірінде вирус жұқтырғандар көбейіп жатқанын мәлімдеді.

Әсіресе, төрт өңір –  Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай мәз емес. Бұл облыстар қазір коронавирустың "қызыл" аймағына енді. Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы "сары" аймақта орналасқан. Ал қалған өңірлер –  "жасыл" аймақта.

Республика бойынша індетке шалдығу көрсеткіші өткен аптамен салыстырғанда 1,7 есе өскен. Науқастардың 45%-і Шығыс Қазақстан облысында тіркеліп отыр. Қостанай облысында 4 есе, Батыс Қазақстан облысында 3,2 есе, Павлодар облысында 2,7 есе өскен.

Десе де, министрлік елде ауруға шалдығу көрсеткіші жоғарыласа да, екінші толқын әлі басталған жоқ деп отыр.

Соңғы дерекке сүйенсек, Қазақстанда індетке шалдыққандар саны 120 мыңнан асты.

Қай облыстарға ПТР-анықтамасыз кіріп-шығуға болмайды

1 қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысының сыртқы шекарасында блок бекеттер қойылды. Коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР анықтамасы жоқ тұрғындар облыс аумағынан ұшақпен де, пойызбен шыға алмайды.

Дәл осындай шектеу шаралары Петропавл қаласында да қабылданды. Блок бекеттерден медициналық және апатты қызметтер, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін көліктер еш кедергісіз өте алады.

Ал қалған азаматтарға қалаға кіру үшін ПТР анықтама қажет. Құжат мерзімі үш тәуліктен асып кетпеуі тиіс. Бес жасқа дейінгі балаларға коронавирусқа тест тапсыру міндетті емес.

Тағы оқыңыз: Шығыс Қазақстанда тұрғындар үйден басқа жердің бәрінде маска тағуға міндеттелді

Сондай-ақ, 13 қарашадан бастап басқа өңірлердің тұрғындарына ПТР-тест болмаған жағдайда Көкшетауға кіруге тыйым салынды. 7 қарашада Көкшетау периметрі бойынша санитарлық бекеттер қойылды. Олар қала аумағына кіріп-шыққандардың дене қызуын тексеріп, анкета толтыртқызады және есепке алады. Сондай-ақ, қалада сағат 21.00-ден 6.00-ге дейін жаяу және автокөлікпен жүруге тыйым салынады.

Қостанай облысында да карантин талаптары күшейтілді. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, адамдар автокөлік өткелі арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өткенде ПТР-анықтама көрсетуге міндетті. Жүк тасымалын орындайтын және Қазақстан арқылы транзитпен өтетін жүргізушілердің дене қызуы өлшеніп, анкета толтырады.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысының аудандары мен Орал қаласына да кіріп-шығу шектелді. Санитарлық бекеттер арқылы қаулыда көрсетілген азматтар санаты ғана өте алады. Кейбір жағдайларда жекелеген санаттағы азматтарға жергілікті атқарушы органның шешімімен санитарлық бекеттер арқылы кіріп-шығуға рұқсат берілуі мүмкін.

Карантинге жабылған елді мекендер

Солтүстік Қазақстанда сегіз ауданда он бір елді мекен карантинге жабылған.

  • 9 қазаннан бері екі аудан орталығы – Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев және Мамлют ауданының Мамлютка қаласы;
  • 11 қазаннан бері – Есіл ауданының орталығы Явленка. Дәл осы ауданда 17 қазаннан бері Покровка және Чириковка ауылдары жабық;
  • 24 қазаннан – Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылы;
  • 6 қарашадан – Ақжар ауданында Горьковское ауылы және Аққайың ауданының орталығы Смирново;
  • 9 қарашадан Қызылжар ауданының орталығы Бескөл, Тайынша ауданының орталығы Тайынша және Петропавл қаласы.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысында да Өскемен қаласы мен бірқатар елді мекен карантинге жабылды.

Серебрянск пен Жаңа Бұқтырма елді мекендеріне, 15 қарашадан бастап Алтай қаласына кіріп-шығуға тыйым салынды.

Тек кейбір санаттағы адамдар ғана жүріп-тұра алады.

Олар:

  • халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері;
  • медициналық көрсеткіштер бойынша кіріп-шығатындар;
  • емделіп жүргендер мен карантиндік стационарда жатқандар;
  • транзиттік жолаушылар мен жүк тасымалдаушылар;
  • вахтамен жұмыс істейтіндерді таситын көліктер;
  • тұрғылықты жеріне қайтып келе жатқандар және қала сыртындағы үйіне келген облыс тұрғындары.

Басқа тұрғындар жұмыстан анықтамасы болған жағдайда, үйден жұмысқа және кері қайта алады.

Оңтүстікте карантин жеңілдетілуде

Елдің солтүстік облыстарында шектеу шаралары күшейтілсе, оңтүстікте, керісінше, жеңілдеп жатыр. Мәселен, Қызылорда облысының бас санитары соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар тіркелмегендіктен, карантинді жеңілдету туралы шешім қабылдады.

Осылайша, оқушы саны 300-ден аспайтын шағын жинақты мектептерде, ата-аналардың қалауымен кезекші сыныптарда 1-ден 5-ке дейінгі және халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейінгі оқушыларға дәстүрлі форматта оқуға рұқсат етілді. Алайда бір топта 15 баладан асып кетпеу керек.

Тағы оқыңыз: Ақмола облысының бас санитары карантин талаптарына өзгеріс енгізді

Сондай-ақ театрларға залды 50%-ке дейін толтырып, бірақ 100 адамнан асырмай жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Діни орындарда залды 30%-ке дейін толтырып, 100 адамнан асырмай құлшылық жасауға болады. Жұма намазына әлі рұқсат жоқ.

Алматы қаласында да оқушылар саны үш жүзден аспайтын мектептерге екінші тоқсаннан дәстүрлі форматқа көшуге рұқсат етілді. Бір сыныпта он бес баладан аспауы тиіс. Осы талаптар сақталған жағдайда 1-11 сыныптың оқушылары мектепке барып оқи алады.

Нұр-Сұлтан жабыла ма

Жуырда елорда әкімі Алтай Көлгінов астаналықтар арасында індет жұқтыру көрсеткіші өсуіне байланысты үндеу жасады.

Әкім қала "сары" аймаққа өткендіктен, қазір карантинді жеңілдету туралы мәселе көтерілмейтінін мәлімдеді.

"Шағын және орта бизнес нысандары кезек-кезекпен жұмысын тоқтатып, қала аумағы бойынша блок бекеттер орнатылып, қала жабылмауы үшін әр тұрғын жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінуі керек", - деді Көлгінов. 

Дегенмен, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитары жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып оқушыларына – кезекші сыныптарда, ал халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушыларына дәстүрлі білім алуға рұқсат берді. Кезекші сыныпта оқушылар саны 15 баладан аспауы тиіс.

Егер дәстүрлі форматта оқитын оқушылар арасында коронавирус жағдайы анықталса, барлық сабақ онлайн режимге ауыстырылады.