Қоғам

"5,4 миллиард теңге жымқырған": Tengri банктің экс-менеджерлері күдікке ілінді

Бірнеше күн бұрын ұсталған банктің топ-менеджерлері 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Tengri Bank-тің бұрынғы топ-менеджері 5,4 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды.

Экономикалық тергеу қызметінің жетекшілігімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Tengri Bank АҚ бұрынғы топ-менеджерлерінің үстінен 5,4 миллиард теңге шамасында қаражат жымқыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай деректі қаржы комитетінің баспасөз қызметі таратты.

"Ағымдағы жылдың 9 қарашасында Алматы қаласының тергеу соты Ильясов пен Жадықов және Жылқыбаеваны екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берді", – делінген хабарламада.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Басқа ақпараттар тергеу мүдделеріне сәйкес жарияланбайды.

Tengri Bank топ-менеджерлері ұсталды

10 қараша күні ақпарат құралдарында Tengri Bank-тің бұрынғы топ-менеджерлері ұсталғаны туралы хабар тарады. Кейбір дереккөздерде Tengri Bank АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары мен банктің Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары ұсталғаны айтылды.

Ал бұған дейін олар жалпы сомасы 8 миллиард теңгеден асатын банк қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген болатын.

Банк лицензиясынан қашан айырылды

2020 жылдың 18 қыркүйегінде Tengri Bank заңбұзушылықтары үшін банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айырылды. Сөйтіп, клиенттердің банктік шоттары мен өзге де барлық операциялар тоқтатылды.

Оқи отырыңыз: Ақорда коронавируспен күреске бөлінген ақшаның ұрлануына қатысты мәлімдеме жасады

Сондай-ақ, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 11 қадағалау жауабын алып, банкке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы 36 хаттама толтырды.