Қоғам

Қазақстанда тағы бір жануар Қызыл кітапқа енгізілді

Экология министрлігі бұған дейін де осындай бастама көтерген. Ал Каспий маңы елдерінде аталған жануар Қызыл кітапқа енгізілген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Каспий итбалығын Қызыл кітапқа енгізу жөніндегі қаулыға үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

"Осы қаулымен бекітілетін сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің тізіміндегі: "сүтқоректілер класы" деген бөлім – каспий итбалығымен толықтырылсын", – делінген хабарламада.

Қаулы он күннен кейін қолданысқа енгізіледі.

Айта кетейік, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі каспий итбалығын Қызыл кітапқа енгізу туралы ұсынысты осы кезге дейін де қолдаған болатын.

Министрлік мұндай бастама итбалықтарды қорғауға көмектесетінін және болашақта ерекше қорғалатын табиғи аумақты құрудың маңызды аргументтерінің бірі болатынын алға тартады.

Сондай-ақ, каспий итбалығы Каспий маңындағы басқа елдерде Қызыл кітапқа енгізілген.

Еске сала кетейік, жаз айында Ақтаудағы теңіз жағалауында демалушылар итбалықты таспен және таяқпен ұрып өлтірген болатын. Бұл істі бірнеше апта бойы қараған полиция ақыр соңында оны жауып тастады.

Оқи отырыңыз: Кашалоттың құсығын тауып алған балықшы ойламаған жерден байып кетті

Ал осы іс бойынша ұсталғандар итбалықтың қауіпсіздігін сақтау үшін оны теңізге қарай қууға тырысқанын, алайда интернетте таралған видео теріс сипат алғанын айтқан.