Әлем

ПТР тест тегін: Lufthansa әуекомпаниясы жаңа жобаны жүзеге асыра бастады

Неміс әуекомпаниясының алғашқы жаңалығын Мюнхен – Гамбург бағытында ұшатын рейс жолаушылары пайдаланды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Немістің Lufthansa Group авиакомпаниясы пилоттық режимде жолаушыларға коронавирустың ақысыз ПТР сынақтарын өткізе бастады. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлады.

Бүгінгі таңда экспресс-тестілеу Мюнхен мен Гамбург арасындағы күнделікті екі рейсте жүзеге асырылып жатыр.

Талдау ПТР әдісімен жүзеге асырылады да нәтижесі жолаушыларға 30-60 минут ішінде ұсынылады. Ең бастысы, жедел тестілеу процедурасының барлық шығынын Lufthansa компаниясының өзі көтеріп отыр.

"Әуежайлар мен авиакомпаниялар жүргізіп жатқан ауқымды гигиеналық шаралардан басқа, бұл тәжірибе қауіпсіздіктің қосымша нұсқасы болып табылады. Болашақта – тиісті деңгейде халықаралық келісімдерге қол жеткізілсе – карантиндік міндеттемелерсіз-ақ, трансшекаралық саяхат қайтадан жандануы мүмкін", – дейді Мюнхен әуежайының бас директоры Йост Ламмерс.

Айта кетейік, ұшақ бортына тесті теріс болған саяхатшылар ғана жіберіледі. Сондай-ақ, әуежайда тексерілу міндетті емес. Жолаушылар ұшқанға дейін 48 сағаттан кешіктірмей жасалған ПТР тестің теріс нәтижесін көрсетсе болды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев бетперде мен ПТР-тест бағасына қатысты тапсырма берді

Ал сынақтан өтуді қаламаған жолаушылар қосымша ақысыз баламалы рейске ауыстырылады.

Қазақстаннан Германияға ұшатын рейстер

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 26 ​​қазанынан бері халықаралық рейстер біршама қысқартылды. Бүгінде 11 елге 20 маршрут бойынша аптасына 70 рейс орындалады.

Қазіргі кезде Германияға Қазақстаннан тек екі қаладан ғана ұшуға болады:

  • Нұр-Сұлтан – Франкфурт – Нұр-Сұлтан ("Эйр Астана" – аптасына 3 рет);
  • Орал – Франкфурт – Орал ("Эйр Астана" – аптасына бір рет).