Экономика

Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдайға қатысты түсініктеме берілді

Қытай аумағына кіретін жүкті өңдеу талаптарына қатысты өзгеріс салдарынан жүк көліктері кептелісте тұр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша — Sputnik. Қазақстанның қаржы министрлігі Қазақстан-Қытай шекарасындағы автокөлік кезегіне қатысты түсініктеме берді.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, кептеліс Қытай аумағына кіретін жүкті өңдеу талаптарының қатаңдатылуымен байланысты.

"Осыған байланысты қазақстандық тараптағы "Нұр жолы" өткізу бекетінде автокөлік саны көбейді. Мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар Қытаймен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде көрші ел өткізетін техника саны 20-дан 80-ге дейін артты", – деді министрлікте.

5 қарашадан бастап қытайлық тарап "Покиту" өткізу бекетін ашты. Ол қазақстандық "Бақты" пунктімен шекаралас.  "Нұр жолының" маңында кезек күтіп тұрған көлікке арналған тұрақ құрылды.

Сондай-ақ, өткізу бекетінде электронды кезек енгізілді. GoCargo.kz сайтында алдын ала кезек алуға болады, кейін СМС-хабарлама келеді.

Алайда бұған қарамастан, қазақстандық кәсіпкерлер электронды кезек енгізілгелі тәртіп бұзылып жатқанын айтып, шағымдануда.

Бұл мәселені шешу үшін ведомство жан-жақты талдау жүргізіп, тексеріп жатыр.