НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов індетке шалдыққандар неге солтүстік облыстарда көбейіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Эпидемиологиялық жағдайға арналған онлайн баспасөз мәслихатында журналист вирус оңтүстік өңірлерге қарағанда солтүстікте неге көп таралып жатқанын сұрады.
"Соңғы уақытта Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында вирус жұқтырғандар саны артып барады. Ал оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ, Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында тәулігіне 10 жағдайдан ғана тіркелуде. Бұл тестілеу ауқымымен байланысты ма, жоқ әлде ауа райының әсері бар ма?", - деп сұрады БАҚ өкілі.
"Мен вирустың таралуын климаттық жағдаймен тікелей байланыстырмас едім. Қазір, өсім, негізінен, солтүстік шекара маңындағы өңірлерде тіркеліп жатыр. Солтүстік өңірлердің шекаралас аудандарында жағдай мәз екенін көріп отырсыз. Ресейде күніне 20 мың адамға дейін тіркеледі. Дәл осы өңірлерде қарқынды миграция болды", - деп түсіндірді санитарлық дәрігер.
Осыған байланысты карантинді қатаңдату және көші-қонды азайту бойынша мемлекеттік шекарада тиісті шаралар қабылданған.
Санитарлық дәрігер адамда жіті респираторлық вирустық инфекция белгілері байқалғанда, ПТР-тестілеу жүргізілетінін атап өтті.
Айтуынша, солтүстіктегі кейбір облыстарда ЖРВИ тіркелуде, соның нәтижесінде тест алынып, коронавирус расталып жатыр.