Өңірлер

Қазақстанның барлық дерлік өңірінде вирус жұқтырғандар көбейді – бас санитар 

Бүгінде Қазақстанда коронавирус диагнозымен 118 491 адам тіркелді, 108 632 адам жазылып шықты, 1 899 науқас қайтыс болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов республика өңірлерінде вирус жұқтыру өсіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Соңғы екі аптада өңірлерде коронавирус жұқтырғандардың өсіп жатқаны байқалады. Өсім барлық дерлік өңірде тіркеліп отыр. Өткен аптамен салыстырғанда індетке шалдығу 1,7 есе өсті. Бүкіл республика бойынша ауырғандардың 45%-і Шығыс Қазақстан облысына келеді", - деді Қиясов қазіргі эпидемиологиялық жағдай және карантиндік шараларды күшейту туралы онлайн баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар, Қостанай облысында 4 есе, Батыс Қазақстан облысында 3,2 есе, Павлодар облысында 2,7 есе өскен.

Бүгінде Қазақстанда коронавирус диагнозымен 118 491 адам тіркелді, 108 632 адам жазылып шықты, 1 899 науқас қайтыс болды.

Соңғы тәулікте 587 адамда COVID-19 расталды.