Қоғам

Министр қанша қазақстандық жер салығынан босатылатынын айтты

Қазіргі таңда әр пәтерден орташа 60 теңге салық түседі, ал оны жинау үшін кететін шығын бірнеше есе көп. Сондықтан  көппәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау ұсынылып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйдің пәтер иелері жер салығынан босатылады. Бұл шамамен 1 миллион адам, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатта Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасы көппәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастауды көздейді.

Бұл ретте депутаттар құжатта жер үйде тұрып жатқан салық төлеушілер неліктен ескерілмегенін сұрады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, заң қабылданған жағдайда, көппәтерлі тұрғын үйде пәтері бар 1 миллион азамат жер салығын төлемейді.

"Бүгінгі таңда көппәтерлі үйлердің иелері үшін жер салығы пәтер санына қарай бөлінеді. Салықтың мөлшері өте төмен, 8 теңгеден 20 теңгеге дейін, ең көп дегенде 100 теңге шығады. Бірақ, квитанция толтыру қажет, комиссия төлеу керек, яғни әкімшілендіру оңай емес. Сондықтан адамдарды бұл салықтан босатуды ұсынып отырмыз", - деді ол.

Ал жер үйде тұратын салық төлеушілердің мұндай проблемасы жоқ. Айтуынша, олар салықты бөлмейді, салық төлеуші біреу ғана, объектісі де біреу ғана.

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов қазіргі таңда әр пәтерден түсетін жер салығының орташа мөлшері жылына 60 теңгені құрайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қосымша салық амнистиясы жүргізіледі 

"Бәріңіз келісесіздер ғой, бұл өте көп ақша емес. Есесіне соны жинау үшін әкімшілендіруге кететін шығын бірнеше есе асып түседі. Оны жыл сайын есептеп, пәтер иелеріне жеткізу керек, мәжбүрлеп алу тағы бар. Соған жұмсалатын кететін шығын түсетін кірістен көп. Мәселен, азамат жер салығын уақытылы төлемеген кезде, оған пошта арқылы хабарлама жібереміз. Бір хабарламаның бағасы – 510 теңге, ал жер салығынан 60 теңге ғана түседі. Сондықтан, менің ойымша, бұл салықты алып тастау әділ шешім", - деді вице-министр.

Ол жер үйге салынатын жер салығы мен пәтер иесінің жер салығын салыстыруға болмайтынын атап өтті. Себебі жер үйден түсетін жер салығының мөлшері әлдеқайда көп.

"Былтырғы жылдың қорытысындысы бойынша жер үйлерден 2 миллиард 700 миллион теңге жер салығы түскен. Бұл ақша ауылдар мен кенттерге жұмсалады, яғни төртінші деңгейлі бюджеттің негізгі кіріс көзі. Сондықтан оны алып тастай алмаймыз", - деді Баеділов.