Оқиға

Дулат Ағаділ ұлының өлімі: полиция күдіктіні ұстады

Жанжал ЖШС жұмысшылары мен Талапкер кентінің жас жігіттері арасында туындағаны анықталды, деп хабарлады полицейлер
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. 17 жастағы Жанболат Ағаділді өлтірді деген күдікке ілінген адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Шұғыл тергеу тобы жанжалдың ЖШС жұмысшылары мен Талапкер кентінің жас жігіттері арасында туындағанын анықтады. Барлығы жұмысшылар тұратын Көктал шағын ауданында жиналған. Ақмола облысының Талапкер кентінен 20 адам келген. Сөзден басталған жанжалдың арты төбелеске ұласып кетті", - деп хабарлады ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов онлайн брифингте.

Оның айтуынша, Жанболат Ағаділ Талапкер кентінен келген жас жігіттердің арасында болған. Ол төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, жедел жәрдем келгенше көз жұмды.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі – бұзақылық және 99-бабының 2-бөлігі – адам өлтіру фактісі бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Төбелеске қатысқандардың барлығы ұсталды. Олардың ішінде үш күдікті бар.  

"Үш күдікті, соның ішінде адам өлтіргені үшін айыпталып отырған адам Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Күдіктілердің аса ауыр қылмыс жасағаны қолда бар айғақтармен дәлелденіп отыр", - деп атап көрсетті Әділов.

Айта кетейік, 10 қараша күні сағат 22:56-да полицияға Нұр-Сұлтан қаласының Көктал шағын ауданындағы Болашақ көшесінде жаппай төбелес басталғаны туралы хабар түскен. Төбелес кезінде екі адам жарақат алды. Біреуі қоғам белсендісі марқұм Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы – Жанболат Ағаділ болып шықты.

Заңға сәйкес, адам өлтіру бабы бойынша 15-20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал бұзақылық бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Дулат Ағаділдің өлімі

25 ақпанда ішкі істер органдары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригада қызметкерлері ер адамның өлімін растады.

Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпты деп танылып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған еді. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алмастырды.

24 ақпан күні кешке Ағаділ үйінен тергеу абақтысына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық заңбұзушылық жасап, судья мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізгені үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.

Мамыр айында Нұр-Сұлтан прокуратурасы қылмыстық істі тергеуді аяқтап, қоғам белсендісі қалай қайтыс болғанын жариялады. Өлімнің мән-жайын тәжірибелі сот-медициналық сарапшылар мен жоғары санаттағы кардиологтан құралған комиссия жеті тексерді.

Олардың қатарында белсендінің жақын туыстарының өтінішімен тартылған сарапшылар да болды. Ағаділдің өліміне өткір миокард инфарктісі себеп болған, қан тамырларының жиырылып, түйілуінен қан ұйып, жүректің сол жақ қарыншасына толығымен жетпеген. Сарапшылар марқұмның денесінен ешқандай жарақат таппаған.