НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресей, Әзербайжан және Армения басшылары арасында бекітілген Таулы Қарабақ келісіміне қатысты мәлімдеме жасады. Қазақстан Таулы Қарабақ қақтығысы аймағындағы атысты және барлық әскери іс-қимылды тоқтату туралы уағдаластықты жоғары бағалады. Ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сәйкес келеді және Таулы Қарабақ проблемасын реттеу үшін негіз бола алады.
Оқи отырыңыз: Қарабақта бейбітшілік орнату туралы мәлімдемеге қол қойылды
Министрлік осы келісімге қол жеткізудегі Ресей Федерациясының рөлін және оның уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға бағытталған бітімгершілік күш-жігерін ерекше атап өтті.
"Осы күрделі кезеңде әзербайжан мен армян халықтары берік бейбітшілік пен келісім орнату, өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сенімді іргетас қалауға ұмтылады деп үміттенеміз", - делінген ресми хабарламада.
Бірлескен мәлімдеме Таулы Қарабақтағы атыс 10 қарашадан бастап толығымен тоқтатылатыны аталып өткен.
Әзербайжан мен Армения өздері иеленген шепте тоқтап, әскери тұтқындарды алмасуы тиіс. Сондай-ақ Қарабақта Ресей бітімгершілік күштері орналастырылады.
Мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасындағы жағдай осы жылдың қыркүйек айында шиеленіскен болатын.