Оқиға

Дулат Ағаділдің ұлын өлтіріп кетті - оқиғаның мән-жайы

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланып отыр. Ұсталғандармен тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтанда Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлын пышақтап кетті. Жас жігіт алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі астаналық полиция департаментіне сілтеме жасап.

"10 қараша күні сағат 22:56-да "102"-ге Нұр-Сұлтан қаласының Көктал шағын ауданындағы Болашақ көшесінде жаппай төбелес басталғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері жас жігіттердің арасында жанжалдың туындағанын, арты төбелеске ұласқанын анықтады", - дейді полицейлер. 

Төбелес кезінде екі адам жарақат алды. Біреуі қоғам белсендісі болған Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы – Жанболат Ағаділ болып шықты. Оны пышақтап кеткен. Жас жігіт жедел жәрдем келгенше алған жарақатынан көз жұмды.

"Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі ("екі және одан да көп адамды өлтіру") және 293-бабының 3-бөлігі (қару қолдану арқылы адамдар тобы жасаған бұзақылық) бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі кезде төбелеске қатысқан барлық адамдарды анықтау бойынша тергеу шаралары атқарылып, ұсталғандардан жауап алынып жатыр. Тергеу жалғасуда", - деп атап көрсетті құқық қорғаушылар.

Адам өлтіру бабы бойынша 15-20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал бұзақылық бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Дулат Ағаділдің өлімі

Айта кетейік, 25 ақпанда ішкі істер органдары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригада қызметкерлері ер адамның өлімін растады.

Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпты деп танылып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған еді. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алмастырды.

24 ақпан күні кешке Ағаділ үйінен тергеу абақтысына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық заңбұзушылық жасап, судья мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізгені үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.

Мамыр айында Нұр-Сұлтан прокуратурасы қылмыстық істі тергеуді аяқтап, қоғам белсендісі қалай қайтыс болғанын жариялады. Өлімнің мән-жайын тәжірибелі сот-медициналық сарапшылар мен жоғары санаттағы кардиологтан құралған комиссия жеті тексерді.

Олардың қатарында белсендінің жақын туыстарының өтінішімен тартылған сарапшылар да болды. Ағаділдің өліміне өткір миокард инфарктісі себеп болған, қан тамырларының жиырылып, түйілуінен қан ұйып, жүректің сол жақ қарыншасына толығымен жетпеген. Сарапшылар марқұмның денесінен ешқандай жарақат таппаған.