НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. АҚШ-та президент сайлауының ресми нәтижесі жарияланбаса да, мемлекеттік телеарналар демократ Джозеф Байденнің жеңіске жеткенін жариялады. Кейбір мемлекеттер әлі үнсіз отыр. Ал Қазақстан басшылығы Байденді құттықтап қойған. Оның өз себебі бар сияқты. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген саясаттанушылар Джо сияқты демократтың билікке келгені бізге қаншалықты тиімді болатынын айтты.
"С5+1" форматы күшеюі мүмкін
Саясаттанушы Асқар Нұршаның пайымынша, Байден билікке келсе, АҚШ пен Орталық Азия арасындағы байланыстар күшеюі мүмкін. Мәселен, бүгінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Америка арасында "С5+1" форматы бар. Соның аясында бес елдің сыртқы істер министрлері АҚШ-тың мемлекеттік хатшысымен кездесіп отырады.
"Осы формат бұрынғы байланыстарға қарағанда нығаюы да ықтимал. Ал Ресейге қарсы риторика күшейетін тәрізді. Қытайдың экономикалық экспансиясын ұстап тұру саясаты жалғасады. Дегенмен, тағы бір маңызды мәселені ескеру керек. Біз көп жағдайда президент әкімшілігін ғана айтып жатамыз. Алайда АҚШ конгресіндегі республикашылдар мен демократтардың арасалмағын ұмытпау қажет. Себебі конгресс арқылы өтетін президент бастамалары аз емес", - дейді Нұрша.
Оның айтуынша, Байденнің командасы бұрынғы әкімшіліктің қателіктерін көрсетуге тырысады. Трамп сыртқы саясатта бірқатар маңызды проблеманы шешсе де, оның қарсыластары НАТО-мен және Еуропалық одақпен арадағы қарым-қатынастың әлсірегенін алға тартып, дәстүрлі байланыстардың нашарлағанын айтып жатыр.
"Байден осы мәселелерге басымдық беріп, альянстардың күшін арттыруға тырысса керек. Жалпы, америкалық дипломатияның белсенділігі артады. Әрине, АҚШ пен Ресей арасындағы диалог жалғасады. Өйткені ядролық қарусыздандыру, жаһандық қауіпсіздік, сан алуан шиеленістерді шешу мәселелері бар. Ондайда екі елдің де келісімі керек", - дейді Нұрша.
"АҚШ-тың назарында боламыз"
Саясаттанушы Ерлан Саиров АҚШ-тың демократтар партиясымен арадағы әріптестік байланыстардың Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары қалыптасқанын еске салды. Ал екі мемлекет арасындағы ең бірінші келісім – ынтымақтастық пен достық туралы құжат Билл Клинтонның тұсында рәсімделген. Ол да демократтардың өкілі.
"Тәуелсіздік жылдары ішінде Америка Қазақстанның ірі инвесторына айналды. Мысалы, соңғы 10 жылдың ішінде америкалық компаниялар ел экономикасына 28 миллиард доллар құйды. Ол Қытай инвестициясынан да көп болып тұр. Сондықтан демократтар мен қазақстандық саяси истеблишмент арасында дәстүрлі байланыстардың бар екенін ескерсек, Қазақстан мен АҚШ-тың экономикалық қарым-қатынасы дами береді деуге толық негіз бар", - дейді Саиров.
Бұған дейін Байден Ресейді басты қауіп-қатерге жатқызса, Қытайды "негізгі бәсекелес" деп атаған болатын. Сарапшының ойынша, Қазақстан осы екі елдің арасында орналасқаннан кейін үнемі АҚШ-тың назарында болады.
"Бұдан бөлек, тағы бір мәселе бар. Ол – Ауғанстан. Сол жердегі АҚШ-тың контингентіне азық-түлік және басқа да құрал-жабдықтарды жеткізу үшін Қазақстанның географиялық жағдайы тиімді болып тұр", - деп түсіндірді Саиров.
Назарбаев пен Байденнің кездесуі
8 қараша күні Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Байденге құттықтау жеделхатын жолдады. Елбасы осыдан он жыл бұрын Джозефпен қай жерде кездескенін де еске алды.
Оқи отырыңыз: Нұрсұлтан Назарбаев Байденге жеделхат жолдады
"Қазақстанның Тұңғыш президенті 2010 жылы Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында өткен кездесуді, сондай-ақ олардың арасындағы телефон арқылы болған келіссөздерді жылы сезіммен еске алатынын атап өтті", - делінген жеделхатта.
Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында тек ағылшын тілінде ғана пост жазып, Байденді президент болып сайлануымен құттықтаған болатын.
Айта кетейік, 3 қарашада АҚШ-та президент сайлауы өтті. Өткен жексенбіде мемлекеттік телеарналар Джо Байденді жеңімпаз деп жариялады. Ал Дональд Трамп сайлаудың нәтижесін бұрмалағаны үшін сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Заң бойынша 2021 жылы 20 қаңтарда президенті ұлықтау рәсімі өтуі тиіс.