НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Алматы қаласының тұрғыны ірі ломбардтарды тақырға отырғызып кеткен.
31 жастағы алаяқ жалған кепіл құжаттарын жасау арқылы 110 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген, деп хабарлады Polisia.kz.
Күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Сенімхат беріп, үйсіз қалды: көкшетаулық тұрғын 4 айдан бері көлікте тұрып жатыр
Алматы қаласының полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мұхамедәли Сейсенұлының айтуынша, ол өзінің "Кадиллак Эскалэйд" автокөлігінің VIN кодын өзгертіп, басқа мемлекеттен елге енді ғана әкелгендей етіп көрсеткен.
"Көлікті бірнеше рет туыстарының немесе достарының атына тіркеген. Әрі қарай ол құжаттары жаңартылған көлікті ломбардқа апарып, кепілге қойған. Қарапайым тілмен айтқанда, жоқ джиптің құжаттарын кепіл ретінде қалдырып, қомақты соманы иемденген. Осы тәсілмен қаладағы төрт ломбардты алдаған", - дейді Мұхамедәли Сейсенұлы.
Ұсталған жігіттің қылмысы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен аса ірі көлемде жасалған алаяқтық әрекетке жатқызылды. Оған қатысты "қамауға алу" түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Осы адамның заңсыз әрекетінен зардап шеккен азаматтар полицияға 8-701-655-55-54, 261-23-86 немесе 102 нөмірі арқылы хабарласа алады.