Қоғам

"Құпия емес": зейнетке шыққан Тасмағамбетов қазір немен айналысып жүр

Тасмағамбетов зейнет демалысына шығуы күтпеген жағдай болмағанын атап өтті. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен келелі шешім деп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Отыз жылға жуық жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарған Иманғали Тасмағамбетов зейнетке шыққалы ел қатарлы өмір сүріп жатқанын айтты.

"Құпия емес. Ел қатарлы өмір сүріп жатыр­мыз. Мынау айтып келмеген індет басталғалы үйден алыстамауға тырысамын. Оның да бұрын аса мән бермеген қызығы көп екен. Ең бастысы – шығармашылық ойға, бұрын қол тие бермейтін сүйікті ісіңе уақыт жетеді", - деді ол "Қазақ әдебиетіне" берген сұқбатында.

Ол көп жыл елдің қызме­тін­де жүріп, үйден алыста болғанын айтты.

"Әрине, оған өкініп отырған жоқпын. Өйткені, ер азамат үшін ел-жерінің игілігіне қызмет етуден артық бақыт жоқ. Осы жолда азды-көп халыққа пайдамыз тиіп, ең­бегіміз еленіп жатса, ол да болса осы ақжүрек жұртымыздың арқасы", - деді Тасмағамбетов.

Өзінің зейнет демалысына шығуы күтпеген жағдай болмағанын атап өтті. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен келелі шешім деп отыр.

"Өз қалауым. Ашығын айтқанда, бұл өмірде «"құлақсыз сан­дық" секілді тиімсіз болуға арланамын. Сол үшін де, қайнаған істің жолына емес, лауазым- қызметтің қолына қарап отыратындардың қатарынан емеспін", - деген ойын бөлісті ол.

Сондай-ақ, ол сұқбат барысында латын графикасына көшу мәселесі, шығармашылық еркіндігі мен қоғамдағы жастар рөліне тоқталды.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың желтоқсан айында Тасмағамбетов зейнет жасына толуына байланысты өз еркімен қызметінен кетті.

Иманғали Тасмағамбетовтің еңбек жолы 

1956 жылы қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында туған. 

Иманғали Нұрғалиұлы 1979 жылы Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен түлеп ұшқан. Мамандығы – география және биология пәнінің мұғалімі. Ең бірінші жұмыс орны – өзінің ауылындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі. Кейін сол Махамбет ауылындағы орта мектепте география және биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы көмекшілерінің бірі. Ол 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды. 

Өзінің саяси мансабында Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім және төрт рет әртүрлі премьер-министрлердің орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы атқарған қызметі – Қазақстанның Ресей федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі.