Өңірлер

Солтүстік Қазақстанда көлік тоқтатып тұрған ауыл тұрғынын "ГАЗель" қағып кетті

Көлік рөлінде болған 32 жастағы Шал ақын ауданының тұрғыны жаяу жүргіншіні жауып тұрған жаңбырдан байқамай қалғанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында жолда көлік тоқтатып тұрған ауыл тұрғынын "ГАЗель" автокөлігі қағып кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Адам өмірін қиған жол апаты Тимирязев ауданында болды. Шамамен сағат 20.00-де "Волошинка-Сергеевка-Тимирязево" жолымен келе жатқан "ГАЗель" автокөлігінің жүргізушісі Дмитриевка ауданы маңындағы аялдамада көлік тоқтатып тұрған 1979 жылы туған ауыл тұрғынын соғып кеткен.

Бурабайда терминалға жол ақысын төлемек болған жүргізуші көз жұмды 

Көлік рөлінде болған 32 жастағы Шал ақын ауданының тұрғыны жаяу жүргіншіні жауып тұрған жаңбырдан байқамай қалғанын айтты. Жол апатынан кейін ол жедел жәрдем шақырып, "102-ге" қоңырау шалған. Жәбірленуші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша енгізілді. 

"Жүргізушіге қатысты міндетті келу түрінде мәжбүрлеу шарасы қолданылды. Болған оқиғаның толық мән-жайын анықтауға көмектесетін бірқатар сараптама тағайындалды", - деп атап өтті Тимирязев ауданы ПБ бастығы Талғат Кенжетаев.

Ол жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Елді мекендердің қасында жылдамдықты азайту қажет. Жаяу жүргіншілерге жолдың көлік жүретін бөлігіне шығуға болмайды.

Айта кетейік, 10 айдың ішінде өңірде жаяу жүргіншіні соғып кетумен байланысты 47 жол апаты тіркелген, 10 адам қаза тауып, 42 адам жарақат алған. Оның 15-і жаяу жүргіншілердің кесірінен болған.