Өңірлер

Қостанай облысының айналасына санитарлық бекеттер қойылады

Облыс әкімі тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. 12 қарашадан бастап Қостанай облысының периметрі бойынша санитарлық бекеттер қойылады. Бұл туралы коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың отырысының қорытындысы бойынша өңір әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жиын барысында Қостанай, Лисаковск, Арқалық, Рудный қалалары мен Қостанай, Қарабалық, Жітіқара аудандарының әкімдері эпидемиологиялық жағдай туралы есеп берді.

"Штаб мүшелерінің ұсыныстарын ескеріп, 12 қараша сағат 00.00-ден көрші облыстармен шекарада облыс периметрі бойынша санитарлық бекеттер қою туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі", - деді Мұхамбетов.

Сонымен қатар, облыс әкімі халық пен кәсіпкерлер арасында әлеуметтік желі арқылы белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қарашада карантиннің сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырған еді.

Осыдан кейін премьер-министр Асқар Мамин ішкі істер министрлігіне тиісті тапсырма берді.