Экономика

Қазақстанда жыл басынан бері ЖІӨ 2,9%-ке төмендеді

2020 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында өндіруші емес секторға салынған инвестиция ұлғайды, нақты секторда өсім сақталған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Он айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жалпы ішкі өнім 2,9%-ке төмендеді. Жылдық инфляция 7,1%-ке жетті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, 2020 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында өндіруші емес секторға салынған инвестиция ұлғайды, нақты секторда өсім сақталуда. Қызметтер саласы тұрақтанып, экономиканы кредиттеу ұлғаюда.

"Қыркүйекпен салыстырғанда қазан айында қызметтер саласы өсті, алайда шектеу шаралары әлі де теріс әсер етуде. 10 айдың қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 1,9%-ке өсті. Бұл ретте, қызметтер көлемі 6,1%-ке қысқарды. Нәтижесінде жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9%-ке төмендеді. Жылдық инфляция 7,1%-ті құрады", - деді Дәленов үкімет отырысында.

Нақты сектор салаларының дені және жекелеген қызмет түрлері жақсы өсу қарқынын көрсеткен. Олар – құрылыс (10,7%-ке), ақпарат және байланыс (8,2%), ауыл шаруашылығы (5,2%), өңдеу өнеркәсібі (3,2%).

Ал көлік (17,3%-ке), сауда (9,4%-ке), ғылыми және техникалық қызмет (5,2%-ке), жылжымайтын мүлікпен операциялар (4,6%-ке), әкімшілік қызмет көрсету (4,4%-ке) салаларында көрсеткіш төмендеген.

Оқи отырыңыз: COVID-19 вакцинасына қатысты жаңалықтан соң мұнай 10%-ке қымбаттады 

Министр қазір әлемдік экономика мен саудада белгісіздік сақталып отырғанын атап өтті. Халықаралық қаржы ұйымдарының 2020 жылға арналған жаңартылған болжамы бойынша әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуі минус 4,4%-тен минус 7,6%, әлемдік сауда минус 7%-тен минус 10,6% аралығында бағаланады. Жаһандық инвестициялар бірінші жартыжылдықта 2 есеге төмендеген.