Өңірлер

Шығыс Қазақстан облысынан 900-ге жуық адам шыға алмай қалды

Өткен жұмада ПТР-анықтамасы жоқ 104 жолаушы ұшақ бортына алынбаса, 787 жолаушы вагондарға кіргізілмеген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Өткен аптада 891 адам ПТР-анықтамасы болмағандықтан Шығыс Қазақстан облысынан шыға алмай қалды. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.

"2-8 қараша аралығында пойыз бен ұшаққа билет алған 891 адам ПТР-анықтамасы болмағандықтан Шығыс Қазақстан облысынан шыға алмады", - деп жазды Байғабылов Facebook-те.

Коронавирусқа тест тапсырмаған 104 жолаушы ұшақ бортына алынбаса, 787 жолаушы вагондарға кіргізілмеген.

Көліктегі бас санитарлық дәрігердің мәліметінше, өткен аптада ПТР-анықтамасы бар 2960 адам ШҚО-дан басқа өңірлерге ұшып шықты. Теміржол көлігі арқылы 3941 жолаушы аттанды.

9 қарашадан бастап әуе және теміржол көлігімен Солтүстік Қазақстан облысынан шығуды жоспарлаған тұрғындардан да ПТР-анықтама талап етіледі.