Экономика

Мамин Қазақстанда зейнет жасын төмендету туралы ұсынысқа жауап берді

Премьер-министр қалыптасқан экономикалық жағдайды ескеріп, зейнет жасын көтеру қажеттілік екенін мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин "Халық коммунистері" фракциясы депутаттарының зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендету туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қалыптасқан экономикалық жағдай, халықаралық тәжірибе, экономикалық және демографиялық факторлар негізіндегі ұзақмерзімді болжамдарды ескеріп, зейнет жасын ұлғайту қажеттілік болып табылады", - делінген Маминнің депутаттық сауалға берген жауабында.

Ол зейнеткерлер санының жұмыс істейтін халыққа арақатынасы өсіп жатқанын атап өтті.

"Әлемде 65 жастан асқан азаматтардың орта есеппен 10%-тен астамға ұлғайғаны болжанып отыр (2000 жылы 14,3%-тен 2040 жылы 25,7%-ке дейін). Бұл, өз кезегінде, зейнетақы жүйесінің орнықтылығына әсер етеді", - деді премьер.

Мамин зейнет жасын көтеру "әлемде қалыптасқан экономикалық және демографиялық ахуалға, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді" деп санайды.

Депутаттардың ұсынысы

Бұған дейін мәжілістегі "Халық коммунистері" фракциясы зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған еді.  

Мәжілісмен Айқын Қоңыровтың айтуынша, күзгі-қысқы мезгілдің келуімен ЖРВИ және тұмау сияқты маусымдық аурулар өршиді. Коронавирустың ауыр түріне шалдығу және өлім қатері айтарлықтай артады. Мұның бәрі, әсіресе, 60 жас және одан үлкен адамдар үшін қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауды талап етеді.

Тағы оқыңыз: Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы енгізіледі: министрлік себебін түсіндірді

Осыған байланысты "Халық коммунистері" фракциясы азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын қайта қарауға шақырды.

Қазақстандықтар неше жасында зейнетке шығады

Қазақстанда 2018 жылдың қаңтарынан ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру жұмысы басталды. Заңға сәйкес, 2027 жылға дейін қазақстандық әйелдердің зейнет жасына жарты жылдан қосылып отырады. Ал ерлер үшін ештеңе өзгерген жоқ – олар зейнет демалысына бұрынғыдай 63 жаста шығады.

  • 2021 жылдың 1 қаңтарынан — 60 жасында;
  • 2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жасында;
  • 2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жасында;
  • 2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жасында;
  • 2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жасында;
  • 2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жасында;
  • 2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жасында.

Десе де, кейбір әйелдердің зейнет жасы өзгермейді. Олардың ішінде көпбалалы аналар және Семей ядролық полигонында тұрған әйелдер бар.